Негізгі Жаңалықтар Павлодарда инклюзивті кешен салынып жатыр

Павлодарда инклюзивті кешен салынып жатыр

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласында жүзеге асып жатқан ірі жобалармен танысып, аралады. Солардың бірі инклюзивті кешен. Онда мүмкіндігін шектеулі азаматтарға арналған залдар болады. Бұдан бөлек жоба тағы нені қарастырып отыр. Тілшіміз айтсын. 


Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Батыр» стадионының аумағында салынып жатқан инклюзивті спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Қазір нысан аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйымның мәліметінше, қазаншұңқырды қазу жұмыстары аяқталған. Ғимараттың бір бөлігінде бассейн қарастырылғандықтан, бұл учаскеде тереңдетілген бөлік көзделген. Жоба құны 4 млрд теңген құрайды. 

Жаңа нысанның құрылысы бұрынғы стадион аумағын жаңа қоғамдық және спорттық кеңістікке айналдыру жөніндегі жоспардың бір бөлігі. Соңғы жылдары бұл жерде саябақ аймағын, кейін инклюзивті жастар спорт паркін құрудың түрлі тұжырымдамалары ұсынылған. 

Жаңа жоба іске асқан жағдайда Павлодарда ерекше қажеттіліктері бар балалар, жасөспірімдер мен ересектердің спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік кеңейеді. Жалпы, бұрынғы «Батыр» стадионын қайта дамыту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

2017 жылы мұнда бұқаралық іс-шараларға арналған сахнасы бар саябақ аймағын құру ұсынылған еді. Кейін аумақты инклюзивті жастар спорт паркі ретінде дамыту жоспарланды. Стадионды бұзу жұмыстары басталғанға дейін жұмысшылар трибуналардың металл қаңқаларын алып, ағаш конструкцияларды демонтаждады. Кейін бетон трибуналардың корпустарын бөлшектеуге кірісті. Қазір аумақ жаңа құрылыс жобасын іске асыруға дайындалуда.  

 

Самал Қалиқызы



Бөлісу

Аймақтық телеарналар