Отандық өнім шығару көлемі артты
Павлодар облысы макроэкономикалық корсеткіштердің өсу қарқыны бойынша елдегі үздік төрт өңірдің қатарына кірді. Бұл отандық өнім өндірісін арттырудың арқасында мүмкін болып отыр. Мәселен өндеу өнеркәсібінде өсім 10,7 пайызды құрады. Ал, қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 109,8%-ға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштен 4,9%-ға жоғары.
Тілші. Биылғы жылдың жеті айында өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 трлн. теңгеге жетті. Ал, ішкі сауда көлемі 25,4% өскен. Бастысы отандық кәсіпорындардың өз өнімдерін ішкі нарыққа бейімдеу арқылы да көл-көсір пайда таба алатындықтарына көз жетті.
Талғат Аубакиров - құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын өкілі
—Қазақстанның әр аймақтарына байланысты сапасы әр түрлі болады. Мысалы жылы жақты алып қарасақ, Оңтүстік Қазақстан мысалы, битумды шатыр жабындылары кішкене басқадай болады температурасына байланысты. Солтүстік жақтарға мысалы басқадай жасаймыз.
Тілші. Нақтырақ айтқанда бір өнім әр өңірдің климаттық ерекшелігіне лайықталып жасалады. Сондықтан сұранысқа ие. Және бұл әдіс импортты алмастыруға жол ашады. Қазір Павлодарлық мердігерлер нысандардың төбесін жабуға арналған жұмсақ битумды жабындылар қажет болған жағдайда тек қана жергілікті өнімді алады.
Самал Бексұлтанова - кәсіпорынның бөлім басшысы
-Кәсіпорынымыз 2004 жылдан бері жұмыс істейді. 110 адам тұрақты еңбек етеді. Өндірісті арттыру үшін біз мемлекеттен әлеуметтік битум аламыз және банктерден төмен пайызбен несие аламыз. Үкімет несиеге субсидия жасайды.
Тілші. Мемлекет бұндай жеңілдікті таза отандық өнім шығаратын кәсіпорындарға ғана береді. Осы талапқа сай болу үшін кәсіпкерлер өңірлердегі шикізат қорымен жұмыс істеуге мүдделі. Бұл пенополиуретан, яғни жылу шығынын барынша азайтуға арналған құбырлар шығарумен айналысатын кәсіпорын. Диаметрі 32 миллиметрден бастап, ірі жылу магистральдарына арналған 1220 миллиметрге дейінгі құбырларды жасайды.
Төлеген Жүнісов - цех басшысы
Біз таза Қазақстандық өнімді қолданамыз. Мысалы, Саран қаласындағы темір болатты құбырларды қолданып, біздің кәсіпорында жылу оқшаулағышпен қаптап, таза өзіміздің өнімімізді өндіреміз.
Тілші. Өңірдегі шағын және орта бизнес нысандары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 494,2 млрд. теңгенің өнімін артық шығарған. Бұл өндірісті ішкі нарық сұранысына сай әртараптандырудың нәтижесі. Ең бастысы мемлекет тарапынан қолдау бар, сондықтан сырттан келетін тауарға бәсекелестікте дес бермей тұрмыз, дейді отандық өнім өндірушілер.