Негізгі Жаңалықтар Павлодар аудандық тамыз конференциясы өтті

Павлодар аудандық тамыз конференциясы өтті

Тамыз конференциясы — мұғалімдердің жаңа оқу жылы қарсаңында бас қосып, маңызды міндеттерді айқындайтын ауқымды жиыны. Осындай дәстүрлі іс-шара Кемеңгер ауылында өтіп, Павлодар ауданының ұстаздары білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.


 «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту — білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты конференция көрмемен басталды. Онда аудан мектептері цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің әлеуетін ашып, оларды білім беру үрдісінде қалай тиімді қолдануға болатынын көрсетті.

Жиынның пленарлық бөлімінде спикерлер жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу жолдары туралы баяндамалар жасады. Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жеміс Дүйсекенова былтырғы жетістіктерді қорытындылап, жаңа оқу жылының алдына қойылған негізгі мақсаттар мен өзекті мәселелерді атап өтті.

Одан кейін салтанатты марапаттау рәсімінде салаға елеулі үлес қосқан ұстаздар мен ұжымдарға түрлі марапат табысталды. Мәселен, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша «Үздік орта білім беру ұйымы» аталымын Шақат жалпы орта білім беру мектебі жеңіп алды.

Алмагүл Искакова, Шақат ЖОББМ директоры

 «Біздің мектеп 2026 жылдың үздік мектебі деп танылды. Біз бұған өте қуаныштымыз. Бұл — ұжымымыздың бір жыл бойғы бірлескен еңбегі мен тұрақты жұмысының нәтижесі. Әрбір ұстаздың қосқан үлесінің арқасында біз осындай жетістікке жетіп отырмыз.» 

Бұдан бөлек, білім беру саласының ардагерлері мен оқушыларға қамқорлық жасап жүрген жандар марапатталды. Жиын соңы ауданның жас өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу

Аймақтық телеарналар