Негізгі Жаңалықтар Павлодарда үшем дүниеге келді

Павлодарда үшем дүниеге келді

Павлодарда бұл айдың ішінде екінші мәрте үшем дүние есігін ашты. Арнамыздың түсірілім тобы перзентханадан шығарып алу рәсіміне барып, қуанышты сәттің куәсі болып қайтты.


Елдана Дүйсенова мен Ермек Түсіпбековтың шаңырағында қуаныш! Абай күні, яғни 10 тамызда бұл отбасында үшем дүниеге келді. 2012 жылы отау құрған жұптың бұған дейін 4 баласы бар еді, үлкені 14 жаста болса, кішісі 3-те болатын. Енді отбасы одан әрі кеңейіп отыр. Бір қызығы — жұбайлардың да, балалардың да аты «Е» әрпінен басталады.

Үшемнің анасы Елдана Дүйсенова — 34 жаста. Ол бұрын егіз дүниеге әкелуді армандаған екен, бұл тілегі орындалып қана қоймай, бірден үшемнің анасы атанып отыр.

Кемеңгер ауылында тұратын бұл көпбалалы отбасын құттықтауға туыстары мен жақындары жиналды. Сондай-ақ Павлодар ауданының басшылығы арнайы келіп, сыйлық табыстап, жанұяның әрдайым облыс және аудан басшылығының қолдауында болатынын атап өтті.

Қазір ананың да, сәбилердің де денсаулығы жақсы, олар үйлеріне аман-есен оралды.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу

Аймақтық телеарналар