19 маусым күні болған дауыл Екібастұз қаласына айтарлықтай залал келтірді. Қатты желдің салдарынан 220 киловольттық электр бағаналары зақымданып, 66 көпқабатты тұрғын үй, 9 жеке үй және 2 әкімшілік ғимараттың шатырлары бүлінді. Сонымен қатар, 140 ағаш құлап, 7 бағдаршам мен 1 аялдама істен шықты.Бүгін облыс әкімі табиғи апаттың зардаптарын арнайы барып зерделеп, қалпына келтіру жұмыстарын бақылап шықты.

Табиғаттың тосын мінезі Екібастұз қаласына оңай соққан жоқ. Қатты дауылдың салдарынан бірнеше шағын ауданда бірнеше сағат бойы жарық сөніп, тұрғындар электр қуатынсыз қалды. Ең көп зардап шеккен нысандардың бірі – еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерін жарықпен қамтып отырған "KEGOC" АҚ-ның жоғары кернеулі желілері болды.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі

Был ураганный ветер. К сожелению с последствиями. Қатты дауыл соғып, өкінішке қарай, оның салдары да болды. Бұл күні біз бірқатар бұзушылықтарды анықтадық. Солардың ішіндегі ең маңызды әрі қатты зардап шеккен нысандардың бірі – "KEGOC" АҚ-ға тиесілі жоғары вольтты электр желілері. Бұл желілер Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарын электр қуатымен қамтамасыз ететін бірнеше бағытты қамтиды. Аталған желілердің бес тіреуіш бағанасында зақым анықталды, олардың бесеуі құлап түскен. Жергілікті KEGOC қызметкерлері мен қосымша жұмылдырылған күштердің арқасында апат салдары жедел түрде жойылып, қайта қосу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта барлық зақымданған учаскелерде ақаулар жойылып, электр желілері қалыпты жұмыс істеп тұр.

Қазіргі уақытта дауылдан келген залал толық есептеліп жатыр. Тұрғындардан мүліктің бүлінуіне байланысты 21 өтініш келіп түсті. Алдын ала жасалған есеп бойынша, жалпы шығын көлемі 166 миллион теңгені құрайды. Облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Әйгерім Тоқпанқызы