Павлодардағы тұрғын үйлердің сыртқы келбеті жаңартылады
Павлодар қаласындағы Лермонтов көшесінде көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары басталды. Жоба аясында оннан астам үйдің сыртқы келбеті өзгертіледі. Өңір басшысы Асайын Байханов көпқабатты үйлерді жаңарту барысымен танысты.
Қазір 11 ғимаратта жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба бойынша 20 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылады. Үйлер төрт жағынан да арнайы желілік панельдермен қапталады. Өңір басшысы Павлодардың климаттық ерекшеліктерін ескерудің маңызын атап өтті. Әсіресе қыс мезгілінде қар жиналып, көк мұздың пайда болуына жол бермеу үшін ғимараттардың іргесіндегі жиектерді сапалы жасау қажет.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Бекіткіш элементтерді де ескеру қажет. Соңғы жылдары өңірде, тіпті жаз мезгілінде де қатты жел соғатын жағдайлар жиілеп кетті. Ғимараттардың желге төзімділігіне қатысты осы факторлардың барлығын назарда ұстауымыз керек.
Бақытжан Әлімғазинов, Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы
Мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес қаңқалар қалыңдығы кемінде 1,2 миллиметр болатын бұрыштық темірлерден жасалған. Құрылым толығымен берік. Қасбетті бекіту үшін ұзындығы 12 сантиметр, диаметрі 8 миллиметр болатын арнайы бұрандалар қолданылады.
Кездесу барысында өңір әкімі жаңартылған ғимараттармен қатар, жалпы қаладағы сыртқы безендірудің бірыңғай үлгісін қалыптастыру қажеттігін айтты. Бұл талап тек қасбеттерге емес, бірінші қабаттардағы жарнамалық құрылымдар мен маңдайшаларға да қатысты. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаттары абаттандырудың жаңа ережелерін әзірлеп жатыр. Құжат қала ортасын ретке келтіріп, сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Біз бұл құжатты жылдың соңына дейін бекітуді жоспарлап отырмыз. Ол ұсынымдық сипатта болады. Соның ішінде сәулет бөлімдері мен басқа да мемлекеттік органдар коммерциялық нысандарды келісу кезінде осы талаптарды басшылыққа алады. Әңгіме ғимараттардың қасбетін безендіру, қолданылатын материалдар мен түстерді таңдау туралы болып отыр. Негізгі мақсат – визуалды артық жүктемені азайту. Бұл талаптар барлық елді мекендерге қатысты болады.
Жаңа өндірістік кәсіпорын құрылыс жүруде
Бұдан кейін облыс әкімі техникалық май өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылыс алаңына барды. Зауытты ресми іске қосу қазан айының ортасына жоспарланған. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Өндіріске қажетті мұнай шикізатын Ресей мен Ираннан сатып алу жоспарланып отыр. Себебі қазір Павлодар мұнай-химия зауытында қара алтынды базалық майға қайта өңдеуге қажетті мүмкіндік жоқ. Өңір әкімі жауапты мамандарға бұл мәселені қарастырып, өндірісті жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету жолдарын пысықтауды тапсырды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Хаттамаға енгізіңіздер: Павлодар мұнай-химия зауытымен шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігін пысықтау қажет. Қазір біз «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, ауқымды жаңғырту бағдарламасын бекіттік. Болашақта базалық майдың негізгі түрлерін өзімізде өндіру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Бұл мұнай өнімдерін өңдеуге қатысты маңызды бағыт.
Кәсіпорында өндірісті одан әрі дамыту жоспары да бар. Болашақта жылына 3 мың тоннаға дейін пайдаланылған майды қайта өңдейтін кешен құру көзделіп отыр. Сонымен қатар жазғы және қысқы дизель отынын өндіруге арналған мұнай базасын салу жоспарланған.
Ауыл жолдары жөнделді
Бұдан кейін өңір әкімі Павлодар ауылындағы 30 көшені асфальттау жұмыстарының нәтижесін тексерді. Елді мекендегі жолдардың жалпы ұзындығы 69 шақырымды құрайды. Алайда оның жартысынан азы ғана асфальтталған. Биыл ауылда 13 шақырымнан астам жол жөнделді. Жобаға 767 миллион теңге бөлінген. Асайын Байхановпен кездескен жергілікті тұрғындар атқарылған жұмысқа көңілі толатынын айтты.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Кейде бюджеттен қаражат бөліп, қажетті қаржының бәрін береміз. Бірақ жобаны жүзеге асыра алмай жатады. Кейін мәселені қайта қарауға тура келеді. Бұл жолы жұмыстың халық игілігі үшін жасалып, сапалы орындалғаны қуантады.
Сонымен қатар ауылдағы көшелерді жарықтандыру мәселесі де толық шешілген. Облыс әкімі абаттандыру мен инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын айтты. Алдағы уақытта бұл жұмыстар басқа аумақтарды да қамтымақ.
Ескі көпірді сақтап қалу мәселесі қаралуда
Жұмыс сапары елорда бағытына апаратын көпір маңында аяқталды. Қазір бұл жерде Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа эстакадалық көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы көпірдің кейінгі тағдыры да қарастырылуда. Оның екі нұсқасы бар: ескі көпірді толықтай бұзу немесе сақтап қалып, серуендеуге арналған орын ретінде пайдалану. Өңір басшысына көпірді сақтап қалу мүмкіндігі қарастырылған жоба эскизі таныстырылды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Мұнда бақылау алаңы болады. Қоршау жүйесін қарастырып, қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет. Хасар Айтпекұлы, жобалаушылармен бірге веложолды да ойластыру керек. Ол көпірдің бойымен өтіп, адамдарға Ертісті тамашалауға мүмкіндік бергені жөн.
Дегенмен ескі көпірдің болашағына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл оның тіректерінің су астындағы бөлігін техникалық тексеру нәтижесіне байланысты болады. Қазір қажетті зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеруді қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сабина Жолдаспаева