Екібастұзда екі медициналық нысан қолданысқа берілді
Екібастұз ауылдық аймағының Бәйет және Әлкей Марғұлан атындағы ауылдарда су жаңа медицицналық нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Толығырақ тілші сюжетінде.
Екібастұз ауылдық аймағында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін бірден екі заманауи нысан ашылды. Бұл Байет ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылдағы медициналық пункт. Медициналық нысандар салтанатты түрде есігін айқара ашты.
Байет ауылындағы жаңа фельдшерлік акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Ол 822 тұрғынға, оның ішінде 231 балаға медициналық қызмет көрсетеді.
Нысанда фельдшер қабылдайтын кабинет, процедуралық және егу кабинеттері, арнайы акушерлік кабинет, сондай-ақ биоматериал жинауға арналған жеке бөлме қарастырылған. Сондай-ақ, процедуралық, егу және мейірбике кабинеттерімен қатар дәріхана пункті де жұмыс істейді. Бұл ауыл тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмектерді елді мекеннен шықпай-ақ сатып алуға мүмкіндік береді. Ауыл ақсақалдары ізгі ниеттерін білдіріп, алғысын айтып жатты.
Академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылдағы медициналық пункт облысты дамытуға бағытталған өңірлік бағдарлама аясында бұрынғы талапқа сай емес ғимараттың орнына салынды. Су жаңа нысан есігін айқара ашып, ресми түрде жұмысын бастады.
Медициналық пункт 351 тұрғынға, оның ішінде 113 балаға қызмет көрсетеді. Ауыл тұрғындарына жоспарлы және профилактикалық медициналық тексерулерден өту, алғашқы диагностика, вакцинация, шұғыл медициналық көмек алу, сондай-ақ қажетті ем-шаралар мен дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігі қарастырылған.
Екі нысан да заманауи стандарттарға сай салынған. Олар орталық су құбыры желісіне қосылып, автономды электр жылыту жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар пандустар мен кеңейтілген есік ойықтарының арқасында қозғалысы шектеулі азаматтар үшін де толықтай қолжетімді етіп жасалған.Ғимараттардың ашылуы ауылдық медицинаны жүйелі түрде жаңғыртудың кезекті кезеңі. Алдағы уақытта Құрылысшы ауылында да медициналық пункт пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Самал Қалиқызы