Қазақстанның Бірінші лига командалары арасындағы футбол чемпионатының аяқталуына екі тур қалғанда Павлодарлық «Ертіс» командасы ел премьер-лигасына ресми түрде оралды. Толық ақпаратты келесі бейнематериалдан көрейік.

Алматының «Хан-Тәңірі» командасына қарсы ойын өте белсенді басталды. Ойынның небәрі 2-минутында Максим Фединнің пасын пайдаланып, Тамерлан Ағыманов алғашқы голды соқты. Өкінішке қарай, одан кейін «Ертіс» бірнеше гол соғатын мүмкіндікті жіберіп алды.40-минутта күтпеген жағдай орын алды. Павлодарлық шабуылшы Еркебұлан Тұңғышбаев допты кездейсоқ өз қақпасына соғып есеп 1:1ге теңесті. Алайда бұл тең есеп ұзаққа созылмады. 2 минуттан кейін Нұрғайни Бүрібаевтың оң қапталдан берген пасынан кейін Аскар Сатышев есепті 2:1-ге жеткізді.47-минутта Владислав Васильев Еркебұлан Тұңғышбаевқа тамаша пас беріп, ол шабуылды сәтті аяқтап есеп 3:1 болды. Осылайша, Тұңғышбаев автоголын түзеп, өз командасына пайда әкелді.Бұдан кейін, 55-минутта Еркебұлан Тұңғышбаев бұл жолы гол соқпаса да, Арман Кенесовке пас беріп, оның гол соғуына көмектесіп есеп 4:1 ге жеткізді.Ал, 80-минутта Мұхаммед Енсебаевтың пасынан кейін Руслан Есімов гол соғып, өз мансабындағы соңғы ойынында павлодарлық жанкүйерлерді қуантты.Есеп 5:1. Тартысты ойынның 82-минутында Тамерлан Ағыманов Арман Смаиловты тамаша паспен шабуылға шығарды, және ол тағы бір гол соқты.Матчтың соңғы, жетінші голын Владимир Воменко қақпаға енгізді. Ескеретін жайт – соңғы үш голды қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар соқты.Осы ірі жеңістен кейін «Ертіс» Қазақстан Премьер-лигасына ресми түрде қайта оралды.

Асаин Байханов, Павлодар облысының әкімі

Бұл сәтті біз көп күттік. Барлығымыз жанкүйер болып бірге уайымдадық. Үлкен жол Екінші лигадағы ойындардан басталған еді. Мен бұған дейін де айтқанмын бұл кубокты мыңдаған павлодарлық жанкүйерлер асыға күтті. Қазір біреулер бұл сәттің маңызын толық түсінді, біреулер әлі де шын мәнінде сезінбей жатқан шығар. Бірақ біз осы жетістігіміз арқылы өзімізге Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алдық деп сеніммен айта аламын.Осы жолда белсенді атсалысқан барлық жандарға үлкен алғыс айтамын.Бұл кубокты қайта тірілту батыл шешім болды. Менің бір сүйікті қанатты сөзім бар. Сәттілік батылдарды жақсы көреді демекші бұл батыл шешім болды. Баршаңызға сәттілік тілеймін! құтты болсын.

Бұл матч 35 жастағы Руслан Есімов үшін де ерекше есте қалды. Ол осымен өзінің кәсіби ойыншы мансабын аяқтайтынын жариялады.

Руслан Есімов, «Ертіс» ФК шабуылшысы

Сезон басында қойылған міндеттің орындалғанына өте қуаныштымын. Өздеріңіз білесіздер, біз бұл мақсатқа ұзақ жол жүріп жеттік. Араға 5 жыл салып, «Ертіс» өз орны — Премьер-лигаға қайта оралды. «Ертіс» мұндай деңгейге әбден лайық. Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.Барлық нәрсенің соңы болады, менің де футболдағы мансабым өз мәресіне жетті деп айтуға болады. «Ертістің» Премьер-лигаға шыққанына шын қуаныштымын, енді команда үшін алаңдамай, көңілім тыныш күйде кетуге болады.

Еске салсақ, «Ертіс» соңғы екі кездесуін сырт алаңда өткізеді. 17 қазан күні «Алтай-Өскемен» командасына қарсы ойнайды.

Дильназ Қуанышбекқызы