«AMANAT» партиясының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында және Еңбекші мамандықтар жылы шеңберінде Тереңкөл ауданындағы жоғары сынып оқушылары үшін кәсіби бағдар беру экскурсиясы ұйымдастырылды. Болашақ мамандығын айқындауға бағытталған шара аясында оқушылар Павлодар алюминий зауытының цехтарын аралап, өндірістің нақты жұмыс процесімен танысты.

Сапар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан басталды. Бұл жауапты міндетті ERG компаниясының жасанды интеллект көмекшісі – ERGигит атқарды. Цех ішіндегі қозғалыс тәртібі, қорғаныс құралдарын пайдалану, сондай-ақ өндірістік аймақтың тәртіп ережелері оқушыларға түсінікті тілде жеткізілді.Бұдан кейін экскурсия зауыттың үш негізгі бөлімшесімен жалғасты. Алдымен оқушылар шикізатты дайындау цехына барды. Бұл – өндірістік тізбектің алғашқы буыны. Мұнда алюминий өндірудің басты шикізаты — боксит жеткізіліп, одан глинозем алу үшін алғашқы өңдеу процесі жүреді.

Серік Ахметов, Павлодар алюминий зауыты директорының көмекшісі

бізге осы алюминий зауытқа тереңкөл ауданының оқушылары келіп жатыр.Әртүрлі мекептерден, біз оларға экскурсия жасап жатырмыз. Жалпы зауытта қандай және қалай жұмыс істейтіні туралы айтып көрсетіп жатырмыз. осы заманда балалар мамандық таңдағанда біздің мамандық. көмегі тиеді деп ойлаймыз.

Оқушылар ашық аспан астындағы алып қойманы көрді. Үйілген бокситтер қызғылт түсті бедерімен ерекше көрініс беріп, Марс беткейін еске түсіреді. Бұл – өндірістік туризм нысандарының ішіндегі ең танымалының бірі. Жанында орналасқан техникалық мұражайда боксит тасымалдауға арналған алып техникалар – жапондық коматсу самосвалы мен либхер бульдозері қойылған. Олардың биіктігі 5 метрге дейін жетеді.

Серік Ахметов, Павлодар алюминий зауыты директорының көмекшісі

Әрбір үйінді – оны біз "штабель" деп атаймыз – 30 мың тонна шикізатты сақтайды. Шикізат жартылай вагондар арқылы өтеді, бұрын айтқанымдай, вагон аударғышпен түсіріледі, содан кейін ұсақталады. Ұсақталғаннан кейін бұл жерге келеді. Мұнда 550 мың тонна боксит бар. 30 мың тоннасы – бұл «вестник» деп аталатын бөлігі, ол әрі қарай сақталады. Ал қалпына келтіргіш затты біз "антрацит" деп атаймыз.

Келесі нысан өндірістің орта буыны саналатын өндіріс цехы. Мұнда оқушылар бокситтің жоғары температурада өңделіп, глиноземге айналу процесін көрді.Экскурсия гидрометаллургия цехының кальцинация учаскесінде аяқталды. 45 күндік өңдеуден кейін қызыл боксит сазы ақ түсті ұнтақ глиноземге айналады. Бұл өнім кейін Қазақстан электролиз зауытына жіберіліп, алюминий өндіріледі.

Экскурсия оқушыларға кәсіби бағдар беріп қана қоймай, ауыр өнеркәсіп саласындағы нақты жұмыс барысын көзбен көруге мүмкіндік берді. Бұл болашақ мамандық таңдауына әсер ететін маңызды қадам.

Дильназ Қуанышбекқызы