Павлодарда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жоғары электроника және коммуникация колледжінде Jasyl School атты экологиялық кездесу өтті. Шараның мақсаты жастарды табиғатты қорғау бастамаларына тарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Кездесу интерактив форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар ойын мен тәжірибе арқылы еріктіліктің маңызын талқылады. Бірінші кезеңде колледж студенттері викториналық сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде химиялық реакциялар сияқты тәжірибелер жасап, қоршаған ортаны қорғау туралы жаңа ақпарат алды.
Гузел Қапенова, «Jasyl ei» Павлодар облыстық штабының менеджері
Бүгін бізде колледжде студенттермен бірге шара өтіп жатыр. Таза Қазақстан республикалық акциясы аясында жасыл скул атты шарамыз. Біз шара бойынша студенттередің жұмысын 3 кезеңге бөлдік. Қышқылдардың суға қандай әрекеті болатынын көреміз. Қалай ықпал ететінің білеміз. Барлығымыз бірге тәжірибе жасаймыз. Олар сол арқылы өзендерге қышқыл тигенде не болатынын біле алады. Біздің жасөспірімдердің, колледж студенттерінің экологияға деген ой санасы қандай екенін білетін боламыз. Осындай шараларды әрі қарай өткізетін боламыз. Әр түрлі ұйымдарда, мектептерде және колледждерде.
Үшінші кезең шығармашылыққа арналды. Қатысушылар командаларға бөлініп, тапсырмалар орындады. Әр команда өз тақырыбы бойынша постер дайындады. Онда «Эковолонтердің бейнесі», «Экоболашақ қаласы», «Экологиялық мәдениетті қалай дамытуға болады?» және «Эко-фестиваль» сынды тақырыптар қамтылды.
Илияс Ганалоев, студент
Біздің кураторымыз үш студенттен құралған команданы біріктірді. Бүгінгі шара экология тақырыбына арналды. Біз эковолонтердің бейнесін жасадық. Жұмысты шығармашылық жолмен орындауды жөн көрдік. Сурет салып, өз идеямызды көрсетіп, жұмысты бірге атқардық. Эковолонтерлер — өз еркімен қоғамға көмектесетін адамдар. Олар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға атсалысады. Менің ойымша, эковолонтерлердің еңбегі өте маңызды. Өйткені экологияға бәріміз бірдей көңіл бөле бермейміз, ал олар табиғатты қорғауға нақты үлес қосады.
Шара барысында жастар көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп, командада жұмыс істей білді. Олар табиғатқа деген сүйіспеншілігін, шығармашылығын және әлеуметтік белсенділігін танытты.
Сабина Жолдаспаева