Екібастұз қаласындағы «Богатырь – көмір» кәсіпорында жаңа Конституция жобасына арналған жиын өтті. Кәсіпорын қызметкерлеріне негізгі жаңашылдықтар мен олардың қоғамға әсері түсіндірілді.
Залға кәсіпорын қызметкерлері жиналып, сарапшылардың пікірін тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Кездесуде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне тікелей қатысты тақырыптарға, сондай-ақ парламенттің жұмысы мен жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістерге ерекше назар аударылды.
Шара қонақтары негізгі түзетулерге жан-жақты тоқталып, Конституция – әрбір азаматтың «үстел үстіндегі кітабы» іспеттес екенін атап өтті. Негізгі ережелерді зерделеу, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну, әлеуметтік өмірге белсенді қатысып, қоғамдық талқылауларға араласу – болашақ қоғамды қалыптастыруға қатысудың маңызды жолы екені айтылды.
Аталған кездесу азаматтардың Конституцияны талқылауға белсенді қатысуы құқықтық мәдениетті нығайтып, қоғамның мемлекеттік басқару үдерістеріне кеңінен араласуына ықпал ететінін көрсетті.