Елімізде балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа талаптар енгізілген. Құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлердегі әрбір терезеге арнайы қорғаныс құралдарын орнатуға міндетті. Бұл бастама балалардың терезеден құлау қаупін азайтуға бағытталған. Осы талаптардың орындалуын бақылау үшін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге «Достық» тұрғын шағынауданындағы құрылыс нысандарына рейд жүргізді.
Тексеріс Ладожская көшесі, 25 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде өтті. Бұл – 5 кіреберісті, 9 қабатты, 180 пәтерлі үй. Мұнда барлығы 270 терезе блогы орнатылған. Жобаға сәйкес, олардың әрқайсысына арнайы блокираторлар қарастырылған. ТЖД қызметкерлері өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, құрылыс салушының талаптарды қаншалықты сақтап жатқанын тексерді.
Мамандардың айтуынша, терезелерге орнатылатын блокираторлар балалардың қауіпсіздігін белгілі бір деңгейде арттырады. Бұл құрылғылар терезенің толық ашылуына жол бермей, тек шектеулі аралықта ғана ашылады. Дегенмен, олардың өзі толық кепілдік бермейді.
Сәуле Шәкенова, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл
Бұл үйлерде тұратын балалардың қауіпсіздігі белгілі бір деңгейде арта түседі. Бірақ бұл, әрине, ата-аналардың жауапкершілігін алып тастамайды. Өкінішке қарай, тросты ашуға болады, ондай жағдайда бала да құлап кетуі мүмкін.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы өңірде балалардың терезеден құлауы бойынша бірнеше дерек тіркелген. Оның ішінде қайғылы жағдайлар да бар. Сондықтан құзырлы органдар мұндай рейдтерді алдағы уақытта да жалғастырып, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алмақ.
Дильназ Қуанышбекқызы