Азаматтардың дауыс беруге дайындығы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отыр
Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны барысында қазақстандықтардың дауыс беруге дайындығы тұрақты жоғары деңгейде қалып отыр. Ал қай партияға дауыс беретінін әлі шешпеген сайлаушылардың үлесі екі ай ішінде 22,6%-дан 5,3%-ға дейін төмендеген. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген салыстырмалы талдауда айтылған.
Салыстырмалы талдауға сәйкес, Қазақстанда сайлау науқаны барысында азаматтардың дауыс беруге дайындығы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар өз таңдауын әлі айқындамаған сайлаушылар саны азайып, партиялық таңдаулардың көрінісі барған сайын айқындала түскен.
DATAMetrics нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 75,6%-ы сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірген. Еуразиялық интеграция институтының екі зерттеуінде бұл көрсеткіш 72,1% және 73,2%-ды, ҚҚДИ зерттеулерінде 75,1% және 70,3%-ды, Қоғамдық саяси институтының зерттеуінде 72,3%-ды, ал Демократия институтының зерттеуінде 73,1%-ды құрады.
Осылайша, электоралды белсенділік көрсеткіштері 70,3%-дан 75,6%-ға дейінгі аралықта қалыптасып отыр. Ең төменгі және ең жоғары көрсеткіштер арасындағы айырмашылық небәрі 5,3 пайыздық тармақты құрайды.