Ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартты
Өңірімізде алкоголь өнімдерін сатудан және қолданудан өз еркімен бас тартқан ауылдар саны артып келеді. Бұл игі істі Баянауыл ауданы Қызылтау ауылдық округі де қолдап, жергілікті дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайтын болды. Толығырақ — алдағы сюжетте.
Бұған дейін Баянауыл ауданында бірнеше елді мекен ішімдіктен толықтай бас тартқан. Енді олардың қатарына құрамында Ақши, Жүсіпбек Аймауытов, Лекер және Үйтас ауылдары бар Қызылтау ауылдық округі қосылды. Аудан прокуратурасының үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, тұрғындар мен кәсіпкерлер жиын өткізіп, меморандумға қол қойды.
Тұрғындардың айтуынша, ауылда онсыз да ішімдіктен аулақ, ал бұл бастама мұндағы тыныштық пен тәртіпті одан әрі нығайта түспек. Сондықтан, жергілікті халық мәселені жан-жақты талқылап, бұл маңызды шешімді қолдап отыр.
Алкоголь өнімдерінен бас тарту —¬¬ денсаулықты сақтаумен қатар, ересектерге қарап бой түзейтін өскелең ұрпаққа үлгі болып, ауылдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың берік негізіне айналмақ.
Жұлдыз Қабылденова