Негізгі Жаңалықтар Орақ науқаны қарқын алуда

Орақ науқаны қарқын алуда

Павлодар ауданында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл жергілікті шаруаларға ауыл шаруашылығы дақылдарын шамамен 97 мың гектар алқаптан жинап алу міндеті тұр. Орақ науқаны қандай қарқынмен жүріп жатыр және шаруашылықтар қандай өнім күтуде? Толығырақ келесі сюжетте.


Биыл Павлодар ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 97 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын септі. Егіс алқаптарының басым бөлігі яғни, 52 мың гектар майлы дақылдарға тиесілі. 24 мың гектарға дәнді дақылдар, 10 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Картопқа 6 мың гектар, ал көкөніс дақылдарына тағы 3 мың гектар жер бөлінді.

Картоптың тікелей алқаптан сатылатын бағасы шамамен 120 теңге болса, сәбіздің бағасы 130 теңгені құрайды. Биыл «Арман» шаруа қожалығы дәл осы дақылдарға басымдық берген. 130 гектар егіс алқабының 120 гектарына көкөніс егілген. Шаруалар мол өнім алуды көздеп отыр. Сондай-ақ қолайлы ауа райы орақ науқанын шығынсыз аяқтауға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Арман Ақтаев, шаруа қожалығының басшысы

Биыл біз үшін маусым жақсы болып тұр. Өткен жылдары тамыз айында ауа райының қолайсыздығына байланысты толыққанды жұмыс істей алмадық. Биыл ауа райы ашық әрі құрғақ. Сондықтан өнім таза, сұраныс та жақсы. Мысалы, сәбізді ішкі нарыққа ғана емес, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстанға да экспорттап жатырмыз. 

Шаруашылықтағы орақ науқанының қарқынына келсек, картоп толығымен жиналып болды. Қазір шаруалар сәбіз жинауға кірісті. Қыркүйек айында қызылша мен қалған картоп алқаптарын жинауға кірісу жоспарланып отыр.

«Тамара-Агро» шаруа қожалығының еңбеккерлері де қазіргі уақытта көкөніс дақылдарын жинау науқанын қызу жүргізуде. Шаруалардың айтуынша, науқанды ойдағыдай өткізуге барлық жағдай жасалған. 

Гүлнар Жәңгірова, шаруа қожалығының басшысы

Егіс алқабының жалпы көлемі 119 гектарды құрайды. Оның 15 гектарына қызылша, тағы 15 гектарына картоп егілді. Қалған алқапқа сәбіз отырғызылды. Қазір ерте пісетін өнімді жинау жұмыстары жүріп жатыр. Орақ науқаны қазан айының соңына дейін жалғасады деп болжап отырмыз. Орташа өнімділік гектарына шамамен 300 центнерді құрайды. Бұл — қалыпты көрсеткіш. Бізге субсидияланған жанар-жағармай берілді, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары көрсетілді. 

Орақ науқанын өткізу үшін Павлодар ауданының шаруаларына жеңілдетілген бағамен 3 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2 500 тоннаға жуық дизель отынын алуға өтінім берген.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар