Негізгі Жаңалықтар Жас былғары қолғап шеберлері сынға түсті

Жас былғары қолғап шеберлері сынға түсті

Баянауылда жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирдің жалауы желбіреді. 300-ге жуық жас боксшы рингте өнер көрсетіп, өңірлерінің намысын қорғады. Толығырақ әріптесім жалғастырсын.


13-17 тамыз аралығында «Баянауыл аренада» 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтті. Бұл доданың мақсаты — балалар мен жасөспірімдер спортын дамытып, жас таланттарды анықтау.

Исхан Наби, турнир ұйымдастырушысы

 «Азымбек Абжанов Несіпбекұлына арналған турнир өтіп жатыр. Жалпы турнир қатысушыларының саны — 273 боксшы. Жасөспірімдер қатысып жатыр. Салмақ 33 кг-нан басталады, 70+-қа шейін.» 

Биыл турнирге есімі берілген Әзімбек Әбжанов Баянауылдағы бокстың негізін салып, дамуына зор үлес қосқан. Осы салада 41 жыл қызмет етіп келе жатқан тәлімгер спорт шеберлерін, гимназияда, әлем кубогы, Азия чемпионаты жеңімпаздары мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарған.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен мықты жас былғары қолғап шеберлері жиналды. Олардың қатарында ел чемпионы, бірнеше ай бұрын Ташкентте өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған Аян Бауыржан бар.

Аян Бауыржан, турнир қатысушысы 

 «Мен Қазақстан чемпионы болғанмын, Азия чемпионы болғанмын. Осы жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Баянауылда тәжірибе жинап, оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Барлығы жақсы өтті. Осы жарыста 70 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Бүгінгі қарсыласым өте жақсы бала, ағайымыздың таксикасымен жақсы ұтып шығуға тырысамыз. Осы жарыста чемпион болып, ағайыма поясты тағу нәсіп етсе, болды.» 

Бұл бәсекеде Моңғолиядан арнайы келген қонақтар да шеберлік сынасты. Олар жергілікті боксшылармен қолғап түйістіріп, мықтыны анықтады. Араларында жеңіс тұғырынан көрінгендері де болды.

Цердамба Пуревдорж, бокс бапкері, бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері 

«Моңғолияның астанасы — Ұланбатырдан келдік. 15 баланы дайындап әкелдік. Міне, олардың бірі бүгін чемпион атанды, өте қуаныштымыз! Жарыс жақсы деңгейде өтіп жатыр. Шақырғандарыңызға рақмет! Өзім де спортшы кезімде Қазақстанға жиі келетінмін. Бұл тәжірибе менің спортта өсіп, жоғары нәтижелерге жетуіме, соның ішінде Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы атануыма үлес қосты деуге болады. Сондықтан алғыс білдіргім келеді.»

УУДАМ ЭНХБАТ, турнир қатысушысы 

 «Бүгінгі жарыс әдемі болды. Мен ойнаған бала қатты екен. Қазір чемпион болып кеттім. Қуанып жатырмын қазір. Рақмет сіздерге!» 

Айтулы дода тартысты кездесулер мен жарқын жеңістерге толы сәттерімен есте қалды. Осындай жарыстар қазақ боксының болашағына айналып келе жатқан жас спортшылардың шыңдалып, үлкен спортқа қадам басуына мүмкіндік береді.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу

Аймақтық телеарналар