Ертіс үстіндегі сабақ
Оқулықтағы білімді өзен үстінде меңгеру. Павлодарлық балалар үшін бұл – жай ғана сабақ емес, табиғатты танып, туған өлкені жаңа қырынан зерттеуге мүмкіндік. Биыл «Павлодар география үйінің» «Фарватер» білім беру академиясы алғаш рет теплоход бортында ұйымдастырылды.
Бес күн бойы жас зерттеушілер Ертіс өзенінде саяхаттап қана қоймай, түрлі бағыт бойынша білім алады. Академияның басты ерекшелігі – теория мен тәжірибенің қатар жүруі. Балалар өзен туралы сабақ оқыса, оны дәл өзен үстінде тыңдайды. Ал табиғи аймақтарды зерттегенде, айналадағы қоршаған ортаны тікелей бақылауға мүмкіндік алады. Барлығы 15 сабақ өткізу жоспарланған. Күн сайын қатысушылар үш бағыт бойынша білім алады.
Александр Вервекин, Павлодар география үйінің директоры
Күн сайын бұл сабақтарға 40 бала және оларды алып жүретін 10 ересек қатысады. Сабақтар география, картография, гидрология, геология, климатология, археология, туризм сияқты түрлі бағыттарды қамтиды. Яғни, бұл – біздің қоғамдық бірлестігіміздің қызығушылық аясына кіретін пәндер. Балалармен бірге ғылыми дәрежесі бар мамандар, тәжірибелі сарапшылар, саяхатшылар және өз саласының практиктері жұмыс істейді. Балалар үшін бұл жоба толығымен тегін. Біз оқытуды тоғызыншы жыл қатарынан өткізіп келеміз және осы уақыт ішінде балалардан ешқашан ақы алынған емес. Бұл – бірегей академия. Мұнда білім алумен қатар, шығармашылықпен айналысуға да мүмкіндік бар. Борттағы балалардың басым бөлігі – Павлодар облысындағы мектеп оқушылары. Сонымен қатар, биыл екінші жыл қатарынан академияға Шығыс Қазақстан облысының оқушылары да қатысып отыр.
Сабақ барысында балалар карта жасаудың негіздерін үйренеді. Заманауи археологиялық құрал-жабдықтармен танысады. Туристік құралдарды қолдану тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар туған өлкенің тарихы мен табиғаты туралы тың деректерге қанығады. Мұндай тәсіл балалардың туған жерге деген қызығушылығын арттырып, зерттеушілік қабілетін дамытуға жол ашады. Білімді табиғат аясында меңгерген жас ұрпақ қоршаған ортаны қорғаудың маңызын да тереңірек түсінеді.
Радамир Ковалев, академия қатысушысы
Бұл академия туралы мұғалімімнен білдім. Маған тарих сабақтары өте ұнайды. Сабақтардың берілу тәсілі ерекше қызықты. Бізге бәрін жан-жақты түсіндіріп, түрлі мысалдар келтіреді. Әр сабақ бір-біріне ұқсамайды, бұл өте жақсы. Өткен жолы шағын кемемен жүзсек, бұл жолы теплоходпен саяхаттап жүрміз. Сабақтардың тақырыптары да үнемі өзгеріп отырады.
Жәңгір Қалқанбек, академия қатысушысы
Маған ұнап жүр. Өзім екінші ретпін. Жақсы ұнайды. Менің географияға қызығушылығым 7-8 жасымда басталды. Тек осы жаста түсіндім осы пәнді. Картаны қарап, география не екенін білдім .
«Фарватер» академиясының жүзбелі форматында әр сабақтың өзіндік тәжірибесі бар. Балалар табиғатты сырттай бақылаушы емес, оны зерттеуге тікелей қатысушы болады. Ертіс жайылмасы, өзен жағалауы, өсімдіктер әлемі – бәрі де оқу бағдарламасының бір бөлігіне айналады. Теория мен тәжірибені ұштастырған жоба жас зерттеушілердің білімін толықтырып, туған өлкенің табиғаты мен тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Сабина Жолдаспаева