Май ауданы Баскөл ауылында трактор тізгіндеген келіншек тұрады.  Әлия Аханова осыдан 2 жыл бұрын ауыр техниканы меңгеріп, бұл күні жолдасына қолқабыс болып шөп шабысып жүр. Үлбіреген нәзік келіншектің трактор айдағанына ауылдастары сүйсіне қарайды. 
 
Әлия Аханова 4 перзенттің анасы. Жары Берік екеуінің шаңырақ көтергендеріне 22 жыл болған. Жолдасының науқан кезінде бел жазбай, қиналып еңбек етіп жүргенін көрген келіншек жарына көмектесуге шешім қабылдайды. Бастапқыда қорқыныш болғанмен, бұл күні темір тұлпардың құлағында ойнайды. Бір өзі күніне 2-3 мая шөп шауып, жинай алады.  
Әлия Аханова, тракторшы келіншек, Баскөл ауылының тұрғыны: 
Үлкен трактормен жолдасым шөп шабады. Мен екінші трактормен шөп жинаймын. Өзімізде 60 гектарлық шабындық жеріміз бар. Бастапқы кезде шынымен де қорқынышты әйел адам болған соң қорқынышты болады ғой. Одан кейін енді міне екі жыл болды, үйреніп кеттім. Өзім сұрап алам тракторды.
Ауылда 5 мың гектар шабындық жер бар. Шөп шабатын тоғай ауыл іргесінде жатқан Ертіс өзенінің арғы бетінде. Елді мекен мен тоғайдың арасын жалғайтын көпір болмаған соң тұрғындар шөпке шалғы түсер уақытта шабындыққа шаруалар пароммен ақылы өтеді.  Баскөлдіктердің бұл мәселесі ширек ғасырға жуық уақыт созылып келеді.  
Берік Аханов, Баскөл ауылының тұрғыны, әлияның жұбайы: 
Күнде осы пароммен өтеміз. Тасығанда да осы пароммен тасимыз малдың азығын. Мұз қатқанша тасып аламыз енді шамамыз жеткенше осы пароммен кезектесіп очередьпен таңертеңнен кешке дейін әрі кетсе бір 2 рейс, 3 рейс қана әкелеміз. Күнде –күнде осымен ақырын ақырын өтеміз. 
Түрлі қиындықтарға қарамастан жастайынан еңбекпен шыңдалған Ахановтар отбасы биыл шаруа қожалығын ашты. Алдағы уақытта кәсіптерін кеңейтіп, дамытуды жоспарлап отыр. 
 
Гүлсара Мәлікова