Кеншілер шаһары Екібастұзда соңғы жылдары тұрғын үй құрылыс қарқын алып, қала аумағы едәуір кеңейіп келеді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тағы бір көп қабатты үй тұрғындар игілігіне тапсырылды.
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған Айнұр Шалабаева 12 жыл кезекте тұрды. Мектепте еден жуушы болып істейтін қос баланың анасы осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген. Енді міне 3 бөлмелі пәтердің кілті қолына тиіп, қуанышы қойнына сыймай тұр.
Нұрлыбек Қуанышбайұлы 5 баланың әкесі. Үлкені 9 жаста болса, кенжесі 9 айлық. Көп балалы отбасы аға-інілерімен бірлесіп үлкен шаңырақта өмір сүріп келген. Үйдің кезегінде екі жыл тұрды. Бүгін көптен күткен армандары орындалып 3 бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Нұрлыбек Өтенбергенов, Екібастұз қаласының тұрғыны:
Барлық отбасыларды құтықтаймын осындай күнмен осы үйлері берекелі болсын оларға үйлері тек қуаныш пен берекет бола берсін. Туысқандары жиналып қуанышпен өте берсін сол күндері.
72 пәтерден тұратын тоғыз қабатты тұрғын үй 7 айда салынып біткен. Аталған үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарын қоныстандыруға арналған. 72 пәтердің ішінен: 6 пәтер көпбалалы отбасыларға бөлінсе, 15 пәтер-жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналды. Ал қалғандары халықтың әлеуметтік осал топтарына тасбысталды.
Илья Теренченко, облыстық мәслихат хатшысы:
Көріп отырсыз ба бүгін мұнда қаншама үлкен, көпқабатты үйлер бар. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бизнес орталықтары ашылып, осы ауданда азаматтарының жайлы өмір сүріп, өмір сапасын арттырып, дамыту үшін барлық жағдайлар, инфрақұрылым жасалады.
Айта кету керек, Екібастұзда соңғы 3 жылда 14 үй салынып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы екі үй тұрғындарға тапсырылмақ.
Гүлсара Мәлікова