Оқуын жаңа бітірген жастар ауылға барып, қара жұмыс істегісі келмейді. Салдарынан маман тапшылығы туындауда. Мәселелен, Павлодар облысында механизатор, агроном, ветеринар, малшы, сауыншы жетіспейді. Ал бұл мамандық иелеріне кәсіпкерлер қажетті жағдайдың бәрін жасауға дайын. Тек ауылда жұмыс істегісі келетіндерді табу қиын болып тұр.

Николай Бородавкиннің мамандығы агроном. Өңірдегі ірі шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейді. Жас маманға ауылға келгені үшін басына баспана берген. Одан бөлек біржолғы көтермеақы да алыпты. Жалақысы да жаман емес. Бастысы жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалынған.

Николай Бородавкин – агроном

Жақсы кәсіби маман табу қиын. Осы жағы біраз проблема болып тұр. Ал ауылға келсе, біздің шаруашылық барлық жағдайын жасап береді. Өз басым ризамын. Үй берді. Бар жоғы ай сайын 2500 теңге төлеймін. Жалақым да жоғары. Ал білімін жетілдіргісі келетін мамандар шаруашылық қаражатынан оқуға жібереді.

Мамандардың айтуынша, кадр тапшылығы жылдан жылға күрделініп барады. Әсіресе, механизатор, ветеринар, малшы, сауыншы секілді мамандар жоқтың қасы. Ал өңірдегі ірі шаруашылықтар оларға 700-800 теңге айлық төлеуге дайын.

Николай Бородавкин – агроном

Бізде жалақы өте жақсы. Көктемгі егіс жұмыстары кезінде механизаторлар 800 теңге айлық алады. Ал егіс алқабында жұмыс істейтін мамандардың айлығы 400 мың теңге. Бұл маусымдық жұмыстардың қиындығына қарай төленеді.

Успен ауданына қарасты Галицкое ауылында былтыр жас мамандарға арнап, 2 жаңа үй салынған. Биыл тағы 5 үй бой көтермек. Бұл баспаналар ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайтын мамандарға беріледі.

Вячеслав Семененко – Новопокров ауылдық округінің әкімі

Егер жас мамандар ауылға келетін болса, қуана қарсы аламыз. «Галицкое» ЖШС тарапынан үй берілетін болады. Үйде қажеттінің бәрі бар. Орталықтандырылған жылу мен суға қосылған. Пәтердің ішінде жуынатын бөлме, дәретханасы да бар. Қаладағы үйлерден кем емес.

Сондықтан да, оқуды енді аяқтаған жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ. Біріншіден, ауылға барып тәжірибе жинап, жағдай жасап алуға болады. Қазіргі таңда Павлодар облысында ауыл шаруашылығы саласына 700-дей маманға қажеттілік бар.