Тереңкөл ауданының Алтай ауылында тұратын тоғыз жастағы Тимофей Столбовой таңын ерекше жауапкершілікпен бастайды. Ол күн сайын таңғы сағат жетіде тұрып, арнайы тіктірілген полиция формасын киеді де, қоғамдық тәртіпті бақылау үшін ауыл көшелерін аралауға шығады. Кішкентай болса да, ел тыныштығын қорғауға деген ынтасы зор бала мектеп пен дүкен маңын шолып, көршілерінің тыныштығына көз салады.
Тимофейдің сенімді серігі – «Орлёнок» велосипеді. Осы көлігімен ол ауыл ішінде кезекшілік жүргізуді әдетке айналдырған. Күн сайынғы бағыты – ауыл көшелері мен пошта маңы. Түскі уақытта үйіне оралып, анасымен бірге сүйікті асы – сорпасын ішеді. Ал түстен кейін зейнеткерлерге жолдан өтуге көмектесіп, аулада ойнап жүрген балаларға тәртіп пен қауіпсіздік жайлы ескерту жасап жүреді. Тимофей – Тереңкөл ауданының учаскелік полиция инспекторы Рүстем Иманбаевтың қоғамдық тәртіпті сақтау ісіндегі белсенді көмекшісі. Полиция қызметіне қызығушылығы ерекше. Ол болашақта ел тыныштығын күзететін офицер болуды армандайды. Кішкентай тәртіп сақшысының тәртіпке деген ынтасы мен жауапкершілігі ауыл тұрғындарын сүйсіндіреді. Тимофей – ауыл балаларына үлгі. Оның әрбір күні – тәртіп пен тәрбиенің жарқын көрінісі.
Сабина Жолдаспаева