1 шілдеден бастап елімізде бала асырап алудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді. Енді жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жанұяға жаңа форматта қабылданады.
Жаңа толықтыруға сәйкес, енді кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілді. Бұл — балаларға жайлы әрі қауіпсіз үй жағдайын қамтамасыз етуге арналған уақытша шешім. Кәсіби қабылдаушы отбасы болуға ниетті азаматтар міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі тиіс.
Салтанат Сипатилова, асырап алушы ата-аналар клубының жетекшісі, асырап алушы ана
Балаларды жағдайы нашар отбасылардан алған кезде, алдымен оны ауруханаға жіберетін. Ол жерде қысқа немесе ұзақ уақыт бала жатады. Кейін баланы балаларды қолдайтын өңірлік орталыққа апарады. Ол жерде де баланың қанша уақыт жататыны белгісіз. Одан балалар үйіне жібереді. Яғни бала бір жерге үйренісіп те үлгермейді, анда-мында жүреді. Енді баланы өз отбасынан алған бетте бірден кәсіби қабылдаушы отбасыға береді. Осы отбасыда бала 6 айға дейін болуі мүмкін. Сұрақтары шешілгенге дейін.
Кәсіби қабылдаушы отбасы арнайы оқудан өтеді. Жанұяға 4 балаға дейін қабылдауға рұқсат бар. Бұл жерде балаға ай сайын жәрдемақы және ата анаға тәрбиеші ретінде жалақы төленеді.
Салтанат Сипатилова, асырап алушы ата-аналар клубының жетекшісі, асырап алушы ана
Заң енді қабылданды. Әлі көпшілік түсінбей жатыр. Шетелде бұл форма болса, бізде енді еніп жатыр. Бала асырап алудың басқа формасына қарасақ, отбасы баланы таңдайтын. Енді баланың жағдайына байланысты отбасы таңдалатын болады. Мысалы балада жануарларға аллергия болса, әлбетте оны үй жануарлары бар отбасыға бермейді. Немесе бала қалада үйірмелерге барып жүрсе, оны шалғайдағы ауылға жібермейді.
Айта кетейік, қазір елімізде балаларды асырап алудың төрт түрі бар. Бұл асырап алу, қамқоршылық, патронат және кәсіби қабылдаушы отбасы.
Самал Қалиқызы