Павлодарда алғаш рет аллергендік әлеуеті төмен тұтынушыларға арналған сүт өндірісі қолға алынбақ. Ерекше өнім A2A2 генотипі бар сиырлардан алынатын болады. Бұл сиырлардың сүтінде A1 ақуызы болмайды – ол кей адамдарда, әсіресе ас қорыту жүйесі әлсіз жандарда, жағымсыз реакциялар тудыруы мүмкін.
Бірнеше жыл бұрын кәсіпкер сүт фермаларын дамыту жөнінде стратегиялық шешім қабылдаған. Бүгінде холдинг құрамындағы сауынды табында шамамен мыңға жуық сиыр бар. Жуырда олардың қатарына A2A2 генімен ерекшеленетін жаңа тұқымды ірі қара қосылды.Мамандардың айтуынша, мұндай сүт жақсы қорытылатын өнім ретінде бағаланып отыр. Ол әсіресе сәбилерге және сүт ақуызына аллергиясы бар адамдарға қолайлы.
Вячеслав Руф, кәсіпкер
«Бұл жаңа бағыт бүгінде бүкіл әлемде дамып келеді. Мәселен, Жаңа Зеландия, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктерінде сиырлардың 100%-ы A2A2 генотипіне ие. Франция мен Германия да осы бағытта белсенді жұмыс істеуде – олар толықтай осы генотипке көшу үшін жол карталарын жасап қойған. Адамдарда уақыт өте келе сүтке төзбеушілік пайда болуы мүмкін, алайда бұл үнемі лактозамен байланысты емес. Кей жағдайда ағза сүттегі кейбір ақуыз түрін, атап айтқанда казеинді, дұрыс қорыта алмайды. A2A2 генотипі осы мәселеге тиімді шешім бола алады. Бұл әсіресе балалар мен аллергиясы бар адамдар үшін өте маңызды. Бұл сүт – анағұрлым "жұмсақ", ағзаға жеңіл сіңетін өнім».
Қазіргі уақытта кәсіпорында A2A2 генотипі бар сиырлардың сүті кәдімгі сүтпен араласып өндіріледі. Алайда компания алдағы уақытта дәл осы өнім үшін жеке өндірістік желі іске қосуды жоспарлап отыр.
Қымбат Садық