Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыкалық драма театрының ұжымы тағы бір шығармашылық жылды артқа тастады. Бұл жыл театр үшін де, көрермендер үшін де ерекше әрі табысты болды. Ал кезекті маусым «Бір досым керек екен» қойылымымен жабылды. Толығырақ тілші тарқатады.
Қойылым режиссері Жангелді Садықов. Оқиға жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос әрі көршілер Андро мен Сандро туралы баяндалады. Олар болмашы нәрсеге бола ұрысып қалса да, бір-біріне білдірмей жақсылык жасауы дәл қазіргі кезде сиреп бара жатқанын алға тартады. Сондай-ақ, бұл туынды бауырмалдық сезім мен асыл құндылықтарымызды бағалауға итермелейді.
36-шы маусымның ең елеулі оқиғаларының бірі – «Ертіс–Баян» республикалық театрлар фестивалі болды. Бұл ауқымды мәдени шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары өнер көрсетіп, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бұл ұжым үшін үлкен мәртебе әрі кәсіби өсудің бір баспалдағы болды.
Арман Темірбек, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыкалық драма театрының басшысы
Әрбір театр маусымы жабылып, қайтып келесі маусымға келгенше қажырлы еңбекті талап ететін бір күшпен келеді. Режиссорымыз, көркемдік жетекшілеріміз қазір ізденіс үстінді, жалпы жоспар құрылды келесі 37 маусымға. Қандай қойылым қойып, немен қуантсақ, қазіргі көрермендердің талғамы қандай, шешілмей тұрған өзекті мәселелер бар деген сияқты қойылымдарды қарастырып, саралап қойдық. Ол тамыз айында өтетін көркемдік кеңесте қойылымдар іріктелініп алады, солай 37 маусымда жақсы жаңа қойылымдармен қуантамыз деген ойдамыз.
Маусым барысында театр гастрольдік сапарларға шығып, еліміздің әр өңірінде өнер көрсетті. Әр спектакль актерлік шеберлік, режиссерлік жаңашыл көзқарас және сахналық шешімдер тұрғысынан жоғары бағаланды. Алдағы маусымда да көрермендерді жаңа қойылымдар күтеді. Сондай-ақ, театр труппасы жас мамандармен толығады.
Арман Темірбек, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыкалық драма театрының басшысы
Алдағы маусымға жоспарларымыз өте көп. Себебі, биыл өтетін фестивальдердің саны көп болып тұр. Қыркүйек айында бірден екі фестивальға жол жүрейік деп отырмыз. Алдын ала өтініштер бердік, олар бізге іріктеуден өткенімізді айтты. Қазан-қараша айларында да фестиваль тұр. Театр әртістеріне Құдай қаласа төрт көзіміз түгел жиналып, жақсы көңіл-күймен алдағы маусымды керемет деңгейде өткізсек деген ойымыз бар.
36-шы театр маусымы — шығармашылық шабыт пен кәсіби шеберліктің көрінісі болды. Көрермен жүрегінен орын алған әр қойылым театр ұжымының тынымсыз еңбегінің жемісі екені анық.
Қымбат Садық