Бүгін, 1 шілде күні «ERTIS» телеарнасында «Qazaqstan» ұлттық арнасы ұсынған «Ұнайды маған» музыкалық талант-шоуының кастингі өтті.Республикалық деңгейдегі бұл мегажоба ел ішіндегі өнерлі жандарды іздеп, қазақ сахнасына жаңа есімдерді алып шығуды мақсат етеді.

Үміткерлердің жасы 18-ден асқан болуы тиіс. Жоба шарты бойынша олар камера алдында екі ән орындайды. Оның бірі міндетті түрде қазақ тілінде шырқалуы керек. Бүгінгі кастингке бірнеше үміткер келіп, өз талантын көрсетуге мүмкіндік алды. Олар әншілік қабілеттерін камера алдында дәлелдеуге тырысты.

Алуа Какенова, қатысушы

Бұған дейін кәсіби тұрғыда ешқашан ән айтпадым. Сол себепті бірінші рет өзімнің бағымды сынап көрейін дедім. Осы байқау жайында мен инстаграм парақшасы арқылы естідім. Осы күнге дйін ешқандай байқауға қатыспадым. Тек жақында қаламызда Ертіс дауысы атты байқау өтті, оған қатыстым. Әзерге конкурс әлі өтуде.

Гүлдина Ертай, қатысушы

Жалпы өзім жастайымнан музыкаға қызығатынмын. Тойларда, шараларда ән айтып бастадым. Конкурс жайлы әлеуметтік желілерден байқап қалдым. Қазақстан телеарнасынан және осы Ертіс арнасының парақшасынан көрдім. Осы кастингке келдім, сонда да өзімді басқалардан жоғары санамаймын. Дегенмен, өзім өнерге қызыққанан кейін бағымды сынап, келдім.

Кастинг республиканың 15 өңірінде өтеді. 8 шілдеге дейін жалғасатын бұл іріктеу кезеңі кейінірек арнайы комиссияның қатысуымен қорытындыланады. «Ұнайды маған» еліміздің ең талантты әншілерін танытатын ерекше алаң. Егер сіз де дауысыңызға сенсеңіз, әлі де кеш емес. Жобаның «unaidymagan2025» Telegram-боты арқылы онлайн өтініш қалдыруға болады.

Сабина Жолдаспаева