Павлодар және Омбы өңірлерінің кәсіпкерлері арасындағы байланыс биржасы Достық үйінде жалғасты. Екіжақты кездесуде шекарааралық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Ертіс өзенін тиімді пайдалану жөнінде жеке жиналыс өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық, көлік және экологиялық жобалары сөз болды.
Кеңеске еліміздің Көлік министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің және өңір өкілдері, сондай-ақ Омбы облысы үкіметінің мүшелері қатысты. Жиында көлік-логистикалық бағыттағы бастамалармен қатар, өзеннің экологиялық қауіпсіздігін сақтау мәселелері айтылды. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғұжинов келген кәсіпкерлерге өңірдің мүмкіндіктерін таныстырып, Ертіс өзені арқылы дамитын салаларға тоқталды.
Серік Батырғұжинов, Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы
Біздің өңір – индустриалды аймақ. Сондай-ақ Ертіс өзенінің арқасында ауыл шаруашылығы саласының да әлеуеті зор. Павлодар облысы суармалы егіншілікте, әсіресе тамшылатып суару технологиясы бойынша Қазақстанда көш бастап тұр.
Кездесу барысында Ертістің су ресурстары ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кеме қатынасы үшін маңызды екені айтылды. Омбы облысының губернаторы екі өңірді көпжылдық байланыс біріктіретінін айтты.
Виталий Хоценко, Омбы облысының губернаторы
Ертіс – толық пайдаланылмай отырған маңызды өзен. Бұрын бұл бағытпен Қазақстан мен Ресейдің миллиондаған тонна жүгі тасымалданатын. Қазір де Солтүстік теңіз жолы арқылы Павлодарға тауар келіп жатыр. Жақында жаңа құрал-жабдықтар орнатылмақ. Бізде зор мүмкіндік бар. Оны тиімді пайданалуымыз керек. Бір-бірімізбен жиі кездесіп, әрі тығыз байланыс орнатуымыз қажет. Әсіресе, бизнес өкілдері арасында. Қазір тиімді сауда жасауға қолайлы уақыт.
Ертіс өзені қос ел үшін де стратегиялық маңызы бар су көзі. Кездесу нәтижесінде тараптар өзенді ортақ тиімділікпен пайдалану, сауда-саттық пен логистика салаларын дамыту бағытында нақты ұсыныстарды ортаға салды.
Сабина Жолдаспаева