Жаздың жайма-шуақ күндерімен бірге балалар үшін қуаныш пен шаттыққа толы уақыт та келіп жетті. Иса Байзақов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Жас қыран» жазғы лагері өз жұмысын бастады. Бұл – «Жаз – 2025» оқу бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан игі бастамалардың бірі. 1–4-сынып оқушыларына арналған лагерь 20 күнге жоспарланған. Қазіргі уақытта оның екінші маусымы табысты түрде жалғасуда.
Лагерьде бүгінде 17 оқушы білім алып, демалыс уақытын мазмұнды әрі қызықты өткізіп жатыр. Мектеп шағын жинақты болғанымен, жеткіншектердің жетістіктері көңіл қуантады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі танымдық және шығармашылық шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сурет көрмесі байқауы өтіп, онда оқушылар өз қиялындағы әлемін қағаз бетіне түсірді. Сонымен қатар ата-аналар демеушілігімен балалар Баянауылдың қасиетті топырағына саяхат жасап, табиғат аясында рухани тынығып қайтты.
Нәйлә Нүркенова, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Оқушыларымыз осы лагерь аясында ақынның өмірбаяны мен шығармашылығымен танысу мақсатында біз түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық.Атап айтатын болсақ мысалы өмірі өшпес өнеге атты челлендж ұйымдастырылды. Еркін күшпен өрлеймін, өмірім ұзақ өлмеймін атты Исаның өлеңдерін оқимыз.Оқушыларымыз белсенді қатысып үлкен бір марапаттауға ие болды осы лагерь аясында.
Еске салсақ, биыл қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жаттап, оның шығармашылығына арналған түрлі челлендждерге белсене қатысуда. Шәкірттер шығармашылық сайыстарда топ жарып, қазақы рух пен әдеби мұраны ұлықтап келеді.
Мектеп ұйымдастырған «Жас қыран» жазғы лагері балалардың шуақты жазғы демалысын шаттық пен шығармашылыққа толы өткізуге арналған.
Дильназ Куанышбекқызы