Наурыз айының аяғында ауа райы жылына бастады. Қыс бойы толассыз жауған қар еріп, көшелерде еріген қар суы жиналып жатыр. Қаланы қар суынан тазарту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Тілшіміз баяндайды.

Қазіргі таңда қала көшелерін еріген қар суынан тазарту жұмыстары қарынды жүріп жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, соңғы он күнде 30 000 текше метрден астам су арнайы құралдармен сорғызылды.

ОРАЗБЕК САЯХАТ, ҚАЛА ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ

Коммуналды қызметтер мен Павлодар қаласында еріген қар суын сорғызу жұмысы жалғасуда. Қала көшелерінде 20-ға жуық арнайы техника, соның ішінде 4 мотопомпа қар суларын сорғызу жұмыстарына жұмылдырылған. бұл жұмыстар тәулік бойы, яғни күндіз де, түнде де жасалуда. сонымен қатар су сорғызу жеке секторлар және аулаішілік аумақтар, яғни кварталішілік аумақтарда қамтылған.

Қар суы көп жиналған, су басу қаупі бар аумақтардың бірі – «Екінші Павлодар» шағын ауданы. Еріген қар тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырғаны анық. Осы орайда, «мұнда да үздіксіз жұмыстар атқарылып жатыр» дейді 4-шағын аудандағы әкім өкілі.

ВЛАДИСЛАВА ДЕЙЧ, 4-ШАҒЫН АУДАНДАҒЫ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ӨКІЛІ

Екінші Павлодар шағын ауданында су басу қаупі бар белгілі бір аумақтар бар. Бірақ бәрі бақылауда: мердігер ұйым жұмыс істейді, техника жұмылдырылған. Күн сайын «Екінші Павлодар» шағын ауданында 40 үйдің жанында су сорылады. Бұл – кәріз жүйесі жоқ үйлердің септиктері. Шаралар жертөлелердің су басу қаупін болдырмау үшін атқарылады

Шаһарды қар суынан тазалауға төтенше жағдайлар департаменті де атсалысып жатыр. Қазіргі уақытта бірнеше техника мен мамандар жұмылдырылған.

ТІЛЕКЖАН ГАЛЯМОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ТЖБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Павлодар облысы ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еріген қар суын сору жұмыстарын жалғастыруда. Осы жұмыстарға 40 бірлік техника мен 85 адам жұмылдырылды

Қала көшелерін қар суы баспау үшін, жұмыстар жер толық құрғағанға дейін жалғасатын болады.

Жұлдыз Қабылденова