Павлодарда көп қабатты үй тұрғындары бірнеше жылдан бері Павлодар жылу желілермен соттасып келеді. Бұған олардың тұрғындарға ескертусіз құны миллионға жуық теңге тұратын жылу есептеу құралын қоюы себеп. Тұрғындардың шағымын қараған сот қандай шешім шығарды? Тілшіміз біліп келді.

Украин көшесі 97 үйге жылу есептеу құралы 2019 жылы орнатылған. Алайда, тұрғындарға бұл есептегіштің құны 1 млн теңге тұратынын ешкім ескертпеген. Тек оны биыл ғана білген. Амалы таусылған тұрғындар жылу желілері мекемесін сотқа берді. Алайда, одан да нәтиже шықпады.

Павлодар қалалық соты бұл шағымды қараусыз қалдырды. Себебі, іс сотқа дейінгі тәртіп бойынша қаралмаған. Ал «Павлодар жылу желілері» ЖШС Украин көшесі 97 үйдің тұрғындарына ескерту жасамаған. Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.

Құқық қорғау органдары бұл істі сотқа жеткізбей өзара шешуді ұсынды. Бірақ, бұған тұрғындар келіспейді.

Өзгеріс Қуанар, Анастасия Ерш