Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге рекордтық қаражат – 580 млрд. теңге бөлген. Тиісті министрліктер, әкімдіктер мен шаруалар жұмысы барысын үлестіру және бақылау үшін егін жинау науқанын өткізу жөніндегі жедел штаб құру тапсырылды.
Еліміздегі жаппай астық жинау науқаны тамыз айының соңында басталады. Қазір техниканың 98 пайызы дайын, барлығы 149 000 трактор, 38 000 комбайн және 14 000 дестелегіш жұмылдырылады.
Шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 64 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен жіберілді. Қажеттілік туған жағдайда, астықты кептіруге дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді.
Жалпы Республика бойынша астық сақтау сыйымдылығы – 30 млн. тонна. Бұл болжамды егін көлемін сақтау үшін жеткілікті. Сондай-ақ жекелеген астық қоймаларының жүктемесі жоғары болып отыр.
Премьер-министр 10 қыркүйекке дейін элеваторларды өткен жылғы егін қалдықтарынан босатуды тапсырды. Облыс әкімдіктері мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бірлесіп, элеватор қызметі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс.
Өндірілген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін басым экспорттық нарықтарда өткізуді қамтамасыз ету маңыздылығы да атап өтілді. Сауда және интеграция министрлігінің осы бағытта Қытай, Таяу Шығыс, Африка және өзге елдердегі серіктестермен жұмыстарын жандандыруы қажет.