Павлодарда 5 баласы бар әкені ватсаптағы бір ауыз былапыт сөзі үшін пышақтаған азаматқа қатысты сот үкімін шығарды. Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2025 жылғы 13 қаңтарда Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. 2024 жылдың шілде айында О. өз үйінде қонақтары А. және Б. мен спирттік ішімдік ішкен. Өзара кикілжіңнің кесірінен О. Есімді азамат А-ның кеуде тұсының сол жағына, сонымен қатар сол қолына соққы жасаған. Көп қан жоғалту нәтижесінде А. қайтыс болды. Сотталушының кінәсі куәның айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейне жазбалармен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.

АГИДЕЛЬ ИБРАЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ

Асырауында кәмелетке толмаған екі баланың болуын және кінәсін ішінара мойындауын ескере отырып, сот О.-ға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, марқұмның әйелінің пайдасына әкесіз қалған кәмелетке толмаған бес баласын есепке ала отырып, 10 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Самал Қалиқызы