Онлайн дүкеннен сатып алған тауардың сапасы көңілден шықпаса оны қайтару жеңілдей түспек. Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралды. Қазір онлайн сауда қызып тұр.
Былтырғы 11 айда қазақстандықтар маркетплейстерден 3 трлн 200 млрд теңгеге тауар алған. Жалпы 2020 жылдан бері елімізде онлайн сауданың көлемі 5 есе өскен. Ал 2029 жылға қарай бұл саладағы тауар айналымы 9,3 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. Дегенмен тұтынушылардың шағымы да көбейген. Сапасыз, бүлінген тауар келген жағдайда көпшілік оны қайтара алмайтын көрінеді.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ
–Мұндай мәселелер шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде орналасқандықтан туындап отыр. Бұл өз құқықтарын толықтай қорғай алмайтын тұтынушылар үшін қауіп-қатерлерді тудырады. Елдер арасындағы қашықтық үлкен болғандықтан, тауарларды қайтару немесе айырбастау талаптарын орындау мүмкін бола бермейді.
Осы ретте министрлік шетелдік онлайн-дүкендер Қазақстанда ресми тіркелу керек деген шарт қоймақ. Демек елімізде өз өкілдіктерін ашуға міндеттеледі. Шаққалиевтің сөзінше заңға өзгеріс енгізілген жағдайда маркетплейстердегі тауар бағасы қымбаттамайды. Қазақстан өңірлік хаб ретіндегі рөлін нығайту үшін жаппай үлкен жүк қоймаларын салмақ. Мәселен биыл Ozon және Wildberries /УайлдБериз/ компаниялары Астана және Алматы қалаларында құны 100 млрд теңгеден асатын 3 орталық салады. Үкімет басшысы сауда саласын жаппай цифрландыру керектігін айтып, бірқатар тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу керек. Ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеуі тиіс.