80 жылдан кейін біздің жерлесіміз, 1900 жылы туған сарбаздың медалі Брянск облысында табылды. Игі іс «Панфиловшылар» іздестіру жасағының тыңғылықты жұмысымен іске асты. Бұл медаль жерлесіміз Заир Құдайбергеновке тиесілі екені анықталды. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Өткен жылдың тамыз айында Брянск облысында жер қазу жұмыстары жүргізіліп, «Ерлігі үшін» медалі табылды. Ол 1900 жылы туған жерлесіміз Заир Құдайбергеновке тиесілі екені анықталды. Ол 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, кейін Харьковты азат етуге қатысқан. Майдан даласында жарақат алып, 1943 жылдың қыркүйегінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен екен. Табылған медаль Ақтоғай ауданының Абжан ауылында тұратын 84 жастағы келіншегі Әсия Жұмкешеваға табысталды.

ҚАРШЫҒА АРЫНОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Бүгінгі кездесу батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншіліктің, адалдықтың өлшемі. Ел басына күн туып, ер басына мұң ұялаған жылдарда радагерлеріміздің, Отан мен туған жердің намысын қорғап, майдан даласында көрсеткен ерліктері мәңгілік сақталады. Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында бұрын соңды болмаған, ең қатыгез соғыс ретінде ел есіңде қалды

Шараға қатысқан Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Ермек Жұматов соғыста қаза тапқандардың туыстарына көмектесетін іздеушілер жасағының еңбегін зор екенін айтады.

ЕРМЕК ЖҰМАТОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ

Ақтоғай ауданының басшылығына, Панфиловшылар жасағына көп рахмет айтамын. Сол жұмыстар біздің жастарды тәрбиелеуге......үлкен үлес қосып жатқаны қуантады

 «Панфиловшылар» іздеу жасағы мұндай жұмыстарды жалғастырамыз дейді. Бұдан бөлек іздестіру жасағы №14 мектеп жанындағы жауынгерлік даңқ мұражайының жұмысын жүргізіп келеді.

БАҚЫТЖАН УТЕПОВ, «ПАНФИЛОВШЫЛАР» ІЗДЕУ ЖАСАҒЫНЫҢ КОМАНДИРІ

Іздеу тобы мектеп мұражайларын әрқашан қолдайды. Мысалы, Әбілқайыр Баймолдин шыққан Тахир ауылында мұражай ашуға көмектестік. Біз полиция департаментінің жауынгерлік даңқ мұражайына экспонаттар береміз, бұдан бөлек Қызылорда және Байқоңыр мұражайларымен бірлесе жұмыс істейміз

"Боздақтар" және "Жеңімпаздар" кітабының авторларының мәліметінше, соғыс жылдарында 13 000 павлодарлықтар хабарсыз кеткен екен. Айта кетейік, биыл Жеңістің 80 жылдығы тойланады.

Қымбат Садық