Павлодарда классикалық шахматтан халықаралық турнир басталды. Бұл – өңіріміздің алғашқы шахмат шебері Юрий Никитинді еске алуға арналған дәстүрлі жарыс. Турнирге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген шеберлер қатысады.

Юрий Никитин өңірде көптеген шәкірт тәрбиелеп, шахмат мәдениетінің қалыптасуына үлес қосты. Оның құрметіне арналған турнир биыл 16-рет ұйымдастырылып отыр. Турнирдің негізгі мақсаты – шахматшылардың шеберлік деңгейін көтеру. Халықаралық дәрежедегі жаңа спортшыларды қалыптастыру.

АРМАН ҚАПАЕВ, ТӨРЕШІ

Жыл сайын біздің Никитин ағамыздың турнрі болады. 16 жыл болып жатыр. Қазіргі кезде халықаралық деңгейге жеттік. Жыл сайын ойыншылар көбейіп келеді. 90 адам. 90 адамның ішінен бізге қонақтар қырғыздар, өзбектер, ресей, беларусь келді. Мында өзінің дәрежелерін көтереді. Сол үшін ойнайды. Бұл дайындық басқа турнирларға тек шеберлер қатысады. Адам саны аз болғанымен, ең мықтылары қатысады деп айтуға болады.

Биылғы жарыс ерекше тартысты өтеді деп күтіледі. Қатысушылар қатарында әлемдік деңгейдегі жүлдегерлер мен түрлі чемпионаттардың жеңімпаздары бар. Қазақстандық шахматшылар бұл жарыста жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

Айта кетейік, турнир ақпанның 6-сына дейін жалғасады. Әр ойын күні бір немесе екі тур өткізіледі. Жарыстың нәтижесі бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталады.

Сабина Жолдаспаева