Қазіргі уақытта салық мекемесі көрсететін мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматқа ауыстырылған. Бұл салады қызмет алу рәсімдерін оңайлату үшін Мемлекеттік кірістер комитеті қолда бар ақпараттық жүйелерді үнемі жетілдіріп отырады. Әр түрлі қосымша түрлері де іске қосылуда.
Салық жүйесі ел экономикасы үшін аса маңызды салалардың бірі екені бағзыдан белгілі. Сондықтан, кез-келген заманның ең жаңа тетіктері осы салаға енгізіліп жатады. Цифровизация дәуірі басталғалы салық саласының қызмет көрсету жүйесі жаңа тұрпатта жетілдірілу үстінде. Жаңа сервис түрлері қосылып жатыр. Мемлекеттік кірістер органдары барлығы 42 қызмет түрін көрсетеді. Оның 39-ы немесе 93% электронды түрде ұсынылады. Тек, үш қызмет түрі қағаз түрінде көрсетіледі. Олар: құжаттарды апостильдеу, жеке табыс салығын қайтару, және кедендік төлемдердің мерзімін өзгерту. Өйткені, бұл қызмет түрлері құжаттың түпнұсқа түрін талап етеді.
Ақмарал Адамжанова, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік кірістердің сапасын бақылау және дамыту бөлімінің басшысы
Соңғы жылдары өңірде 2308 кәсіпкерлік жаңадан тіркелген екен. Бұл дегеніміз халықтың экономикалық белсенділігі артып келе жатыр дегенді білдіреді. Сондықтан салық саласының да жұмысы қауырт. Бұндай сәтте тиісті сала сұранысқа сай, сапалы қызмет көрсету үшін барлық заманауи мүмкіндіктерді қолданып жатқандығын айтады.
Қызметтерді электронды түрде алу үшін азаматтар электронды үкімет порталы, сондай-ақ «Салық төлеушінің кабинеті», «Кеден» ақпараттық жүйелері арқылы өтініш бере алады. Сонымен бірге е-Salyq Azamat және е-Salyq Business мобильді қосымшалары арқылы да қызмет алуға мүмкіндік бар.
Жанасыл Серікбол