Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қызметтер бақылауда

Мемлекеттік қызметтер бақылауда

Анықтама алудан бастап маңызды құжаттарды рәсімдеуге дейін тұрғындар мемлекеттік қызметтерді күнделікті пайдаланады. Қызмет қаншалықты жедел әрі сапалы көрсетілсе, халықтың мемлекеттік органдар жұмысына деген сенімі де соншалықты артады. Сондықтан қызмет көрсету мерзімдері мен заң талаптарының сақталуы тұрақты бақылауды қажет етеді. 



Бүгінде Павлодар облысының тұрғындары жүздеген мемлекеттік қызмет түрін пайдалана алады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында ғана 5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Әрбір қызметтің белгіленген талаптарға сай болуы үшін мамандар тексерулер жүргізіп, азаматтардың өтініштерін талдап, анықталған заң бұзушылықтарға жедел әрекет етеді.

Азамат Жүнісов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызметтер істері департаменті басшысының орынбасары

«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бағыты бойынша 44 тексеру іс-шарасын өткізді. Оның ішінде 7-уі жоспарлы, 37-сі жоспардан тыс тексеру. Сонымен қатар департамент Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабының 1, 2 және 3-бөліктері бойынша 15 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Олар рұқсат құжаттарын белгіленген мерзімде бермеу және негізсіз бас тарту деректері бойынша қызмет көрсетуші органдардың 6 лауазымды тұлғасына қатысты рәсімделді. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне шамамен 1 миллион 200 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Жалпы 16 қызметкер жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жыл басынан бері департамент 162 азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтірді.»

Тексеру жүргізуге көбіне тұрғындардың өздері жолдаған өтініштер негіз болады. Әрбір арыз жан-жақты қаралып, заң бұзушылықтар расталған жағдайда азаматтардың құқықтарын қалпына келтірумен қатар, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданады.

Азамат Жүнісов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызметтер істері департаменті басшысының орынбасары

«Биыл департаментке азаматтардан 45 өтініш келіп түсті. Соның ішінде 10 шағым бойынша өтініш иелерінің уәждері өз дәлелін тапты. Мәселен, департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ... мәселесіне қатысты өтінішті қарады.»

Мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Оның басты мақсаты – тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты барынша ашық, уақтылы әрі қолайлы ету. Осылайша әрбір азамат мемлекеттік қызметтің заң талаптарына сай және сапалы көрсетілетініне сенімді бола алады.



Бөлісу