Екібастұздық теміржолшылар марапатталды
Екібастұз қаласында кәсіби мерекелерін атап өткен теміржолшылар салтанатты түрде марапатталды. Облыс әкімі Асайын Байханов өңіріміздің экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген саланың үздік мамандарына арнайы алғыс білдіріп, марапаттар табыс етті.
Өңір басшысы Екібастұз қаласы дамудың жаңа кезеңіне шығып, моноқалалар санатынан көтерілуінде теміржолшылардың да үлесі бар екенін атап өтті. Ол бұл жетістіктің артында сала мамандарының қажырлы еңбегі мен табандылығы тұрғанын жеткізді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
«Моноқала дегеніміз – экономикасы бір ғана басым салаға тәуелді елді мекен. Мәселен, егер бұған дейін Екібастұздың бүкіл экономикасы тек көмір өнеркәсібімен, кейіннен энергетикамен байланысты болып, іс жүзінде бұл көрсеткіш 50 де 50 болып келсе, соңғы 2-3 жылда қала экономикасының құрылымы әбден әртараптандырылды. Қазіргі таңда дәстүрлі көмір өнеркәсібі мен энергетикамен қатар, теміржол саласы да қарқынды дамып келеді.»
Екібастұз теміржол торабы көмір, металл және өзге же жүк тасымалы арқылы ел экономикасына өлшеусіз үлес қосуда. Осы орайда, облыс әкімі өз ісіне адалдығымен, көпжылдық еңбегі мен жоғары жауапкершілігімен көзге түскен бір топ сала маманына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады.
Жұлдыз Қабылденова