Негізгі Жаңалықтар «Жан бояулары» көрмесі ашылды

«Жан бояулары» көрмесі ашылды

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде психикалық даму ерекшеліктері бар жандардың шығармашылығына арналған «Жан бояулары» атты ұжымдық көрме ашылды. Шара «Альрами» Клуб үйінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.


Көрменің ашылу рәсімінде клуб мүшелері алғыс хаттармен марапатталды. Экспозицияға олардың 60 шығармасы қойылған. Мұнда акрилмен салынған картиналар, коллаж, жүнмен бейнелеу және пластилиннен жасалған жұмыстар ұсынылған. Жұмыстардың барлығы арт-терапия сабақтарында дүниеге келген. 

Бибігүл Шәріпова, «Альрами» ҚБ директорының орынбасары

Бұл көрмеде қатысушыларымыздың биыл салған жаңа туындылары мен соңғы бірнеше жылда жасаған коллаждары ұсынылған. Біздің арт-терапия және шығармашылық студиямызға тәжірибелі педагог Елена Александровна жетекшілік етеді. Біз оның еңбегін ерекше бағалап, алғысымызды білдіреміз. Ата-аналар, қамқоршылар және клуб мүшелерінің өздері де үлкен еңбек сіңіріп келеді. Олардың әрбір жұмысы нағыз өнер туындысы. Суреттерге қарап-ақ авторлардың көңіл күйін, ішкі жан дүниесін сезінуге болады. Сондықтан бұл көрме өте әсерлі әрі бояуы қанық.

Бүгінде клубта жүзге жуық адам бар. Олар тек сурет салумен ғана айналыспайды. Қатысушылардың арасында спортпен шұғылданып жүрген жандар да бар. Клуб мүшелері облыстық және қалалық шығармашылық байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.

Қайрат Кәкішев, «Альрами» ҚБ мүшесі

Мен әртүрлі суреттер саламын. Сурет салуда қиналғандарға көмектесемін. Спорт тақырыбын, пойыздарды, қаланы, аспанды және медальдарды бейнеледім. Өзім де спортпен айналысамын, жүгіремін. Жақында өткен спорттық акцияға қатыстым.

Жиырма бес жыл ішінде «Альрами» Клуб үйі психикалық даму ерекшеліктері бар ересек адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсетіп келеді. Көрме екі апта бойы жалғасады.


Сабина Жолдаспаева 




Бөлісу