Негізгі Жаңалықтар Еңбекке ерте бейімделген жастар

Еңбекке ерте бейімделген жастар

Успен ауданында оқушылардың жазғы демалысы әртүрлі өтуде. Бірі тынығып жүрсе, енді бірі жергілікті кәсіпкерлерге жұмысқа орналасып, ата-анасына қолғабыс етуде. Жазғы еңбек маусымы жасөспірімдерге алғашқы жұмыс тәжірибесін жинап, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беріп отыр.             


Владислав Бондаренко үшін бұл жаз бұрынғылардан өзгеше емес. Ол күн сайын таңғы бесте қожалыққа келеді. Әуелі мал басын түгендеп, олардың жағдайын тексереді. Қажетті ем-дом жасап, кейін жайылымға шығарады. Әкесіне көмектесе бастағанына тоғыз жыл болған. Қазір 19 жастағы жігіт болашақта әкесі сияқты фермер болып, жеке шаруашылығын дамытуды армандайды.

Владислав Бондаренко, Успен ауданының тұрғыны 

Мал шаруашылығында ең қиыны төрт түлікті аман сақтау. Малды түрлі аурулар мен жәндіктерден қорғап, дер кезінде емдеу керек. Болашақта әкем сияқты өз шаруашылығымды ашып, фермер болғым келеді. Жақында оңтүстіктен асыл тұқымды қошқарлар әкелдік. Енді таза тұқымды мал өсіру бағытында жұмыс істейміз.

Аудандағы көптеген жасөспірім үшін жазғы жұмыс алғашқы ресми еңбек тәжірибесі. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер шаруа қожалықтарында ғана емес, дүкендерде, дәмханаларда және қызмет көрсету саласында да еңбек етіп жүр. Сонымен қатар бірқатар жас «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында жұмысқа тартылған.

Есен Инербаев, Успен ауданы білім беру бөлімінің басшысы

Биыл аудан бойынша 60-тан астам жоғары сынып оқушысы жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасты. Барлығымен еңбек шарты жасалып, еңбекақы төленеді. Оқушылар дүкендерде де еңбек етуде. Бұдан бөлек, 30-дан астам жас «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып жатыр. Жұмыстың барлығы қауіпсіздік талаптары мен заңнамаға сәйкес ұйымдастырылған. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары бұл бастаманы қолдап, жастарды жұмысқа қабылдауға дайын.

Елімізде жасөспірімдер 14 жастан бастап ресми түрде жұмысқа орналаса алады. Ең төменгі жалақы мөлшері - 85 мың теңге. Мәселен, тоғызыншы сынып оқушысы екінші жыл қатарынан анасының отбасылық дәмханасында еңбек етіп жүр. Алғашында жаңа телефон алуға ақша жинауды мақсат еткен. Қазір өз еңбегімен табыс табу оған ерекше қуаныш сыйлайтынын айтады.

Олеся Усмединская, 9-сынып оқушысы

Өткен жылы анам дәмхана ашқаннан кейін жаз бойы көмектестім. Сол еңбегім үшін ақша алдым. Бұл маған ұнады. Өз еңбегіңмен тапқан ақшаңның қадірі бөлек. Қазір кассада жұмыс істеймін, келушілерге қызмет көрсетемін, тапсырыстарын беремін, үстелдерді жинастырамын.

Ал тағы бір жас биыл колледж студенті атанды. Күзде Павлодардағы колледждердің бірінде оқуын бастайды. Әзірге ата-әжесінің дәмханасында даяшы болып еңбек етіп жүр. Ол үшін отбасының кәсібіне қолдау көрсету табыс табудан да маңызды.

Дильмурат Исламбакиев, колледж студенті

Бұл жерде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келемін. Даяшы болып қызмет көрсетемін. Тапсырыс қабылдаймын, үстелдерді дайындаймын. Банкеттер кезінде де барлық дайындық жұмысына қатысамын. Отбасыма көмектесе алғаныма қуаныштымын.

Биыл жазда облыс бойынша жасөспірімдерге арналған 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Жазғы жұмыспен қамту бағдарламасы 20 жылдан бері оқушыларға алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беріп келеді.


Сабина Жолдаспаева




Бөлісу