Баянауылда көпқабатты тұрғын үй салынуда
Баянауыл ауылында көпқабатты үй салынып жатыр. Пәтерлер баспанаға мұқтаж жандарға беріледі. Құрылыс қашан аяқталады және баспана кімдерге беріледі? Әріптесім тарқатады.
Мердігер ұйым жалпы ауданы 5 042 шаршы метрді құрайтын 57 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қарқынды жүргізуде. Аталған жобаның жалпы құны 1 млрд 371,4 млн теңгені құрайды. Құрылыс мамыр айында басталған.
Бекен Жанахметов, Баянауыл ауданы экономиканың нақты сектор бөлімі басшысының орынбасары
«Мына жаққа қарасаңыз, котельная болады жеке, анау қарайып тұрған — септигі болады дербес, сол жерден канализациясы бар, суы бар. Бүгінгі күні мынау орталық су құбырына жалғанды бұл үй. Токқа да құратын КТП-лары дайын. Өз қаражаттарына салынып жатыр бұны. Әбден салып бітіріп, экономиканың нақты секторына тапсырылғаннан кейін бұны мемлекеттік құнды қағаздар арқылы қаражаты сатып алу жұмыстары жүргізіледі.»
«Бұл пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар арасында бөлінеді», - деді спикер. Атап айтқанда, пәтерлердің 70 пайызы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандарға берілсе, қалған 30 пайызы басқа санаттағы кезекте тұрғандарға үлестіріледі.
Бекен Жанахметов, Баянауыл ауданы экономиканың нақты сектор бөлімі басшысының орынбасары
«Бұл жерде 4 бөлмелі пәтерлер бар, 3 бөлмелі пәтерлер бар, 2 бөлмелі және 1 бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтардың үміткерлердің отбасының санына қарай бөлініп беріледі.»
Нысанның жертөлесі мен үш қабаты толықтай дайын болып, пәтераралық және бөлмеаралық қабырғалар бөлінді. Қазір шатыры жабылып жатыр, алда есік-терезелерді орнату мен ішкі әрлеу жұмыстары қалды. Мамандар бұл жерге аптасына екі-үш рет келіп, жұмыс барысын жіті қадағалайтынын және нысанның қарашаның соңында пайданалуға берілетінін айтты.
Жұлдыз Қабылденова