Естай атындағы мәдениет сарайына алатаулы Алматы қаласынан «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің әншілері келді. Павлодарлық өнер сүйер қауымға эстрада жұлдыздары әсем әннен жыр төкті. Мәдени кешке куә болған әріптесіміз жалғастырады.


Еліміздің шығыс өңірін гастрольдік сапармен аралаған мәдени ұжым Павлодарлық өнер сүйер қауымға шоқтығы биік туындыларын паш етті. Тыңдарман қауымға эстрада жұлдыздарының концерті тегін ұйымдастырылды.

Дарын Қалибекұлы, «Алматы әуендері» мемлекеттік концерттік бірлестігінің қоюшы режиссері:

Қазіргі осы бір аласапыран кезінде қазаққа оңай емес. Сол әр елді мекеннің жұртшылығына тегін концерт болсын деп келген ниетпен келген жайымыз бар.

Қазақ өнері бір тұтас ұғым. Бұл шара - еліміздің әр түкпіріндегі мәдени өмірмен етене танысып, өз өнерлерін көрермен қауымға паш ету мақсатында ұйымдастырылған.

Жұбаныш Жексенұлы, әнші:

Ертіс-Баян өңіріне қош келдік. Бүгінгі концерт елдің көңілінен шығады деген ойдамын. Арамызда дәстүрлі әншілер де бар, жастардың сүйіктісі болып келе жатқан жас әншілер де бар. Бахтияр Тайлақбаев бастап келіп отқан ұжымбыз.

Мәдениет сарайы лық толды. Тіптен алыс-жақындағы аудан-ауылдан жиналған халықтың қарасы қалың. Өнер жұлдыздары да тыңдарманның жүрегінен орын алған әндерін орындады.

Асан Пердешов, әнші:

Жалпы қонақжай екенін білеміз Керекудің. Әнді сүйіп тыйдайтынын білеміз. Осындай ұжыммен келіп отырғаныма қуаныштымын.

Сахна төрінде тыңдарманның ең сүйікті әндері шырқалды. Ескі де есті әндерін тыңдаған халықтың көңіл күйі тамаша. Сағынышпен қауышқан көрермендер өнер иеріне алғыс, тілегін жаудырды.

Концерттік бағдарлама әр жас буынды қамтыған. Дәстүрлі әнмен шымылдығын ашып, кейін жастарға арналған кавер әндер де шырқалды.

Нұрхат Сегізбай, MUZART LIFE тобының мүшесі:

Осындай керемет концерт ұйымдастырды ән сапарда. Бүгін соңғы күніміз Павлодар қаласында. Жақсы, абыроймен өтсін деп тілейміз ән кешіміз.

Серікболсын Кішкенбаев, MUZART LIFE тобының мүшесі:

Сен қасымда болмасан деген. Халыққа кең таралған әндердің бірі. Сол әнді бүгін орындаймыз.

Павлодар тұрғындары мен қонақтарына Бахтияр Тайлақбаев, Мұқасан Шахзадаев, Өктем Алтаев, Тахмина Әшімбекова сынды белгілі жұлдыздар өнер көрсетті. «Алматы әуендері» концерттік бірлестігі әншілерінің сапары еліміздің түкпір түкпірінде жалғаспақ


Мөлдір Сағидолла