Қазақ эстрадасының шоқтығы биік, халықтың жүрегінен ерекше орын алған аңызға айналған «МузАРТ» тобы павлодарлық көрерменмен жүздесіп, әсерлі шығармашылық кеш өткізді. Топтың белді мүшесі Сәкен Майғазиев арнамызға арнайы сұхбат беріп, Ертіс-Баян өңірінің жұртшылығына ақжарма алғысын жеткізді. Бағдарлама ұлттық нақышта, қонақтарды дәстүрлі қарсы алу рәсімімен басталды.
Кездесу «Қазақша ән саламыз» мәдени жобасы аясында өтті. Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлтаралық татулықты нығайту және ұлттық музыкаға деген қызығушылықты дамыту.
Нұрия Күбенова, Павлодар облысы «қоғамдық келісім» КММ басшысы
Бәрімізге белгілі музарт тобы келіп, бізбен бірге осы жобаға қатысамыз деп ұсыныс жасады. Осы жобамыз 3 жыл ғой, бүгін ерекше күн өтті. 25 жылдығы ачсында біздің жобаға қатысқандары үшін үлкен мәртебе.
Кеш барысында көрермендер мен өнер иелері арасында еркін форматтағы сұхбат өрбіді. Тыңдармандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, топ мүшелерінің шығармашылық жолы мен өмірлік тәжірибесі туралы тың мәліметтерге қанықты. Көрермендер сүйікті әндерін өнерпаздармен бірге қосыла шырқап, ерекше әсер алды.
Шараның ерекше сәті Сәкен Майғазиевтің арнамызға берген сұхбаты болды. Өнер иесі павлодарлықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, бұл өңірдің әрдайым ерекше әсер сыйлайтынын атап өтті.
Сәкен Майғазиев, әнші, «Музарт» ансамблінің солисі
Енді Ертіс-Баян өлкесі қалаға келгелі бері құшақ жайып қарсы алып жатыр. Бір қызығы наурызда келіп, сәуірде кетіп барамыз. Кеше бір концерт өтті, бүгін екі концерт болады. Достық үйіне келіп, ең бастысы халықтың достығын көрдік. Қанша ұлтты мемлекетпіз, достығымыз жасай берсін. Біз үшін үлкен қуаныш, мәртебе. Жақсы күнде жолығайық.
Осындай мазмұнды кеш Павлодар өңірінің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.