Павлодар облысында су тасқынына қарсы жұмыстардың белсенді кезеңі жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен және басқа да қызметтермен бірлесіп, күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мамандар барлық шақыртуларға барып, жедел әрекет етеді.

Су тасқыны кезеңі басталғалы 293 мың текше метрден астам еріген су сорылып шығарылды. Бір тәуліктің өзінде Павлодар, Успен, Железин аудандарында, сондай-ақ Аққулы мен Тереңкөл аудандарында 825 текше метр су шығарылды. Сонымен қатар қорғаныс нысандарын нығайту жұмыстары қатар жүргізілуде. Құм толтырылған қаптар төселіп, уақытша бөгеттер салынуда. Су бұру арықтары қазылуда. Алдын алу шараларына ерекше назар аударылады. Инженерлік шешімдер де тиімді жүзеге асырылып жатыр. Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылында құтқарушылар Сілеті өзенінде мұз кептелісінің алдын алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. 680 метр мұз кесіліп, 1600-ден астам ойық бұрғыланды. Бұл шаралар су деңгейінің күрт көтерілу қаупін азайтады. Баянауыл ауданында облыстық маңызы бар «Жаңажол – Ескелді» автожолындағы арнайы бетонды су өткізу учаскесінде жыл сайынғы су ағымы байқалуда. Қазір жол қозғалысы қалыпты, елді мекендерге қауіп жоқ. Мұнда мердігер ұйым мен полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Ал «Рождественка – Павловка» аудандық автожолының 9-10 шақырымында еріген су жиналды. Қауіпсіздік мақсатында Рождественка және Ульяновка ауылдары жағынан жол қозғалысы уақытша жабылды. Дегенмен, елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Көлік қозғалысы балама жол арқылы жүзеге асырылуда. Бұл аумақта да тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Өңірде су тасқынына қарсы инфрақұрылым толық дайын. Барлық су өткізу нысандары ашылып, елді мекендерді қорғау жұмыстары жүргізілді. Қажетті материалдар мен жанар-жағармай қоры жеткілікті. Қазіргі таңда азаматтық қорғау күштері мен құралдары толық жұмылдырылған. Жалпы саны 1800-ден астам қызметкер, 975 арнайы және инженерлік техника, сондай-ақ 378 су сору және жүзу құралдары дайын тұр.