Павлодар облысында су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Штаб дерегінше Баянауыл және Ақтоғай аудандарында жолдарды су басқан.
Облыстық су тасқынына қарсы штабтың мәліметінше, автокөлік жолдарының 3 аумағын су басқан . Оның екеуі Баянауыл ауданындағы мамандандырылған бетондалған учаскелерде, Жаңажол - Ескелді автожолдары және Көкдомбақ ауылына кіреберісте. Тағы біреуі Ақтоғай ауданында Жолболды–Шұға автожолының учаскесінде жол топырағының жартылай құлауы байқалды. Бұл учаскеде полиция мен жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы кезекшілік жүргізеді, өткелдер мен балама жол бар.
Сондай-ақ, Успен ауданы Белоусовка ауылына да тасқын судан қауіп төнген. Төтеншеліктер мен жергілікті атқарушы органдар қауіпті сейілткен.
Азаматтық қорғау күштері мен құралдары кез келген төтенше жағдайларға ден қоюға толық дайын. 1800 адамнан, 975 арнайы және инженерлік техникадан, сондай-ақ 357 су айдайтын және 21 жүзу құралынан тұратын топ құрылды.