6 - сәуір күні құқық қорғау органдарының тергеу қызметінің құрылғанына 63 жыл толады. Осыған орай Павлодар облысында құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Жарысқа прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті және полиция қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.

Жарыс құқық қорғау органдары арасындағы бірлікті арттыруға және өзара тәжірибе алмасуға бағытталды. Мұндай бастамалар қызметкерлердің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді. Ойынға барлығы 10 команда қатысты.

Абзал Ибраев, Павлодар облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының М.А

Тергеу – құқық қорғау жүйесінің негізгі тіректерінің бірі. Қылмыстық істің соңғы нүктесін қоятын – тергеуші. Дәл осы тергеушілер істі сотқа жолдайды. Азаматтар да құқық қорғау органдарының жұмысын көбіне тергеу сапасы арқылы бағалайды. Одан кейін іс сотта қаралып, нақты шешім шығарылады. Бүгінгі турнирге қатысқан командалар жақсы дайындықпен келген. Әрқайсысы өз ұжымын қолдап, жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай жарыстар кәсіби қызметтен тыс уақытта сергіп, өзара қарым-қатынасты нығайтуға үлкен мүмкіндік береді. Командалар ойын барысында тактикалық әдістерін көрсетіп, ұйымшылдық пен төзімділіктің үлгісін танытты.

Ғани Қалыбеков, Павлодар облыстық прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы

Ең алдымен, бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осындай жарыстар ерекше спорттық атмосфера қалыптастырып, жеңіске деген салауатты қызығушылықты арттырады. Бүгін осы алаңда кім мықты екенін анықтау үшін жиналдық. Күнделікті қызметімізде біз қоғамдық тәртіпті қадағалаймыз. Сондықтан әрдайым өзімізді де шыңдап отыруымыз қажет. Бұл турнирге біз алдын ала дайындалып, әр апта сайын жаттығып, ойын тактикасын пысықтадық. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар арнайы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегеріне теледидар, екінші орынға ноутбук, үшінші орынға принтер табысталады. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар беріледі.

Сабина Жолдаспаева