Павлодарда су тасқыны салдарынан жергілікті бизнес көпмиллиондаған шығынға батқан. Қаланың шетіндегі жүк көліктерінің жүргізушілері жиі тоқтайтын кафе толығымен судың ортасында қалып, қатынассыз қалған. Оған қос, су трансформаторлық қосалқы станцияға қауіп төндіріп тұғандықтан, маңайдағы үйлер жарықсыз қалуы мүмкін.
Көктем келген сайын осындай ағаш көпірді қайта салу кәсіпкер үшін жағымсыз дәстүрге айналған деуге болады. Ол еріген қар суынан төрт жылдан бері зардап шегіп келеді.
Мәселенің басты себебі — жақын маңда орналасқан қар шығару полигоны. Ол жылдам еріп, барлық су кәсіпкердің аумағына қарай ағып, жерін су басып, инфрақұрылымға зиян келтіруде.
Ренат Ахметқалидың айтуынша, қазіргі су деңгейі әлі шегіне жеткен жоқ, алдағы күндері жағдай одан әрі күрделенуі мүмкін. Әсіресе, судың трансформаторлық қосалқы станцияға жету қаупі алаңдатып отыр — бұл ондаған үйдің жарықсыз қалуына әкелуі ықтимал. Өз кезегінде кәсіпкер қолдан келгеннің бәрін жасауда: мотопомпалар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Алайда жүктеменің жоғары болуына байланысты техника жиі істен шығады.
Ренат Ахметқали, кәсіпорын басшысы
Ең арзан 80 литрлік мотопомпаның өзі 70 мың теңге тұрады. Бұл теңізді тамшылап тасумен бірдей. Бұған қуатты насостар қажет. Мыналарды төртінші рет жөндеуге өткізіп жатырмын. Ауыр жүктемеге шыдамай, күйіп кетеді. Егер мен бұлай істемесем, толықтай су басады. Қазір тағы бір уайым бар: егер су төмен қарай ақса, іргетасым жарылып кетуі мүмкін.
Ғимарат құлап қалуы ықтимал, қазірдің өзінде үгітіліп жатыр.
Бұған дейін кәсіпкер бизнесін кеңейтуді жоспарлаған: автокөліктерге арналған жаңа бокстар салып, техникалық қызмет көрсету станциясын ашпақ болған.
Алайда тұрақты су тасқындары мен еріген қар суларының кері әсерінен бұл жоспарлардың барлығын тоқтатуға тура келген.
Андрей Шевелёв, кәсіпорын менеджері
Бізде өндіріс бар. Іс жүзінде іске қосылуға дайын едік. Бір жыл бойы құрылыс жүргізіп, өте көп қаражат жұмсадық, іске қосу сәуір айына жоспарланған еді. Жабдықты баптау үшін инженерлер келуі тиіс болатын. Жабдықтың құны жүздеген миллион теңгені құрайды, ал қазір оның бәрі судың ішінде: моторлар, кабельдер, құбырлар және жер астындағы 15 резервуар.
Шығын көлемі әзірге белгісіз.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қалыптасқан жағдайдан шығудың сенімді жолы — қар полигонын басқа жерге көшіру немесе, кем дегенде, қарды олардың аумағынан алысқа шығару.