Павлодарда күн жылынып, көктем лебі сезілген сәттен бастап қалада тазалық пен көркейту жұмыстары қарқын алды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында коммуналдық қызметтер кең көлемді абаттандыру шараларын қолға алды.

Қыс мезгілінен кейін көшелерде жиналған шаң-тозаңды азайту мақсатында жолдарды арнайы техникамен сулап, тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағында қоқыс тазалау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Мамандар көшелер мен аулаларды ретке келтіріп, инфрақұрылым нысандарын жаңартуға кіріскен. Аялдама павильондары жуылып, ретке келтірілуде.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Жұмыстар Астана, Сәтбаев, Лермонтов, Торайғыров, Бектұров, Кривенко, Қайырбаев және Қатаев көшелерінде толық аяқталды. Қазіргі уақытта Назарбаев пен Камзин көшелерінде жуу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, қалада қоршауларды, жарық бағаналарын, бағдаршам нысандарын және жол өткелдерін жуу мен сырлау жұмыстары жүргізілуде. Қалада шамамен 10 мыңға жуық жол белгісі бар. Оларды жаңарту жұмыстары Кривенко, Астана көшелерінде, №1 автожолда, Сауда, академик Сәтбаев, Назарбаев, Толстой сондай-ақ Естай көшелерінде жүргізілді. Аталған жұмыстардың барлығы қаланың көркін сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және инфрақұрылымның қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында атқарылып жатыр.

Барлық жұмыстар алдын ала бекітілген кесте бойынша, ауа райы жағдайына және ең өзекті учаскелерге басымдық беріп жүргізілуде. Қазір бұл жұмыстарға 150-ге жуық арнайы техника мен 300-ге тарта маман жұмылдырылған.