Павлодарға алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектебінің өнерпаздары келді. Аталған мектеп пен Иса Байзақов атындағы облыстық филармония бірлесіп ауқымды концерт өткізді. Біздің түсірілім топ өнерпаздардың сахнаға дайындық сәтіне куә болды.

Филармония ұжымы қонақтарды шашу шашып, әуезді ән салып құрметпен қарсы алды. Филармония басшысының сөзінше, бұл бірлескен жоба – тек жаңашылдық емес, өткен тарихты жаңғыртып, мәдени сабақтастықты жалғау.

Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония басшысы

 «Ахмет Жұбанов пен біздің жерлесіміз, атақты халық әртісі Рүстембек Омаров алғашқы шәкірт болып, дос, аға-бауыр боп, қызмет жасаған. Алғашқы кәсіби домбырашы, Ахмет Жұбанов алғашқы құрған Құрманғазы атындағы оркестрінде басынан бастап негізгі концертмейстер болып қызмет атқарған біздің жерлесіміз Рүстембек Омаров. Сондықтан сол кездегі сабақтастық бүгінгі күні жалғасып жатыр деп есептейміз. Біздің Иса Байзақов атындағы филармония Алматыдағы Жамбыл филармониясының филиалыны болып тұрылды, биыл 85 жыл деп отырмыз ғой. Содан бергі уақытта осындай шығармашылық қарым-қатынас үзілген емес.»

Концерттің ұйымдастырылуына екі бірдей мерейтой негіз болған: биыл Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл болса, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның құрылғанына 85 жыл толған.

Ақмарал Эмреева, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының виолончель ансамблінің жетекшісі

Мен өзім Павлодарда бірінші ретпін. Өте жақсы қарсы алды филармония және ауа райы да керемет болып тұр. Балалардың көбі сі алғаш рет келіп жатыр Павлодарға. Биыл А. Жұбанұлының 120 жылдығына орай мектептің бүкіл коллективтері жыл бойы дайындалып жатыр. Бізде жоспарда Павлодар, Павлодардан кейін Ақтөбе, Ақтөбеден кейін бізде Ташкент қаласы бар.»

Бұл гастрольдік сапар, әсіресе, Аршат Шәріп пен Асқар Күлшәріпов үшін ерекше. Себебі олар – Ертіс-Баян өңірінің тумалары.

Аршат Шәріп, «Giovani talenti» камералық оркестрінің жетекшісі және бас режиссері

«Мен үшін үлкен құрмет, өйткені бұл – менің туған жерім. 9-сыныпқа дейін мен Тереңкөл ауданында оқыдым. Кейін Павлодардағы музыкалық колледжде білім алдым, ал одан соң Алматыдағы консерваторияда оқуымды жалғастырдым. Туған өлкемде, осындағы сахнада өнер көрсету – мен үшін бір жағынан құрмет, екінші жағынан ерекше сезім мен толқуды тудырады. Біздің солист Асқар Күлшәріпов те Павлодардан. Біз екеуміз – ол Күлшәріпов, мен Шәріп – бірігіп концерт өткіземіз. Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов атындағы мектепте Камилa Иранғайып аты қыз оқиды. Ол да – Павлодардың тумасы, қазір Алматыда білім алуда. Бүгін ол Брусиловскийдің «Қозы көрпеш – Баян сұлу» балетінен соло орындайды. Сонымен қатар, біз Қазақстанның көрнекті орындаушыларының бірі – Павлодардағы музыкалық кешеннің студенті, трубач Жасұлан Төрегелдіні де арнайы шақырдық.»

Концерт бағдарламасына классикалық музыкамен қатар қазақстандық композиторлардың туындылары енген. Сондай-ақ композитор Данияр Біржапырақовтың шығармасы – Ахмет Жұбановқа арналған эллегия – көпшілік қауымға алғаш рет ұсынылмақ. Айта кету керек, бұл туындыларды

8-12 сынып оқушыларынан құралған оркестр орындайды.

Алдияр Жұмағазиев, «Giovani talenti» камералық оркестрінің концертмейстері

«Біздің біріші гастролдік сапарымыз және осы Иса Байзақов атындағы филармонияда болдаы. Филармония әкімшілігіне көп рақмет айтқым келіп тұр. Өйткені осындай керемет залды бізге беріп тұр. Бұл жерде ойнау – біз үшін үлкен мәртебе және мен өзім жеке шығып ойнаймын сольно. Күнде дайындаламыз. Одан әрі жақсырақ жасауға, жақсырақ көрермендерге жеткізуге тырысамыз. Кейбір шығармаларды бірінші рет орындайын деп жатырмыз. Кішкене қобалжу бар, бірақ, менің ойымша, біз бәрін өте күшті, 100 пайызға атқарамыз деп ойлаймын»

Осылайша павлодарлық жұртшылық саф өнерден сусындауға мүмкіндік алды.

Жұлдыз Қабылденова