Биыл Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл. Қазақтың көрнекті ақын-жазышының ғасырлық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Жиынға Ертіс-Баян өңірінің шығармашыл қауымы мен педагогтар делегациясы қатысты.

Дана халықтың дара перзенті Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл. Облысымыз үшін маңызы зор шараға халық жазушысының шәкірті мен зиялы қауым өкілдері арнайы жиналды.

Несіпбек Айтұлы, Мұзафар Әлімбаевтың шәкірті:

Бүгін мына мектепті көріп, ол мектептің ішіндегі балалардың Мұз ағаның өлеңдерін оқығанды естіп, мектептегі Мұзағана арналып ұйымдастырылған шараларды көріп. Және жаңа мектепті салып отырсыздар 2-3 жыл бұрын Мұз ағаның атына берген, осы елдің азаматтарына, Мұз ағаның халқына, мынау ұрпақтарына мыңда бір рахмет айтқым келеді.

Абыз тұлғаның қаламынан туған еңбектері ән-жырларға арқау болды. «Ақ маңдайлым», «Маралдым», «Өзің де жігіт қызықсың» атты туындылары әр тыңдарманның жүрегінен орын алған. Әдеби кеште Мұзафар Әлімбаевтың әндері шырқалып, шығармашылық жолы баяндалған фильм көрсетілді.

Айзада Құрманова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:

Мұзафар Әлімбаев қазақ руханиятында, қазақ әдебиетінде өзінің ерекше орны бар тұлға. Тек қана ақын, жазушы ғана емес. Сонымен бірге, майталман журналист, публицист, әдебиет зерттеуші, тұңғыш рет қазақ тіліне «Манас» эпосын аударған тұлға ретінде біз танимыз. Бұл атақты жерлесіміздің шығармаларын қалың жұрт өте жақсы біледі және өте жақсы құрметтейді.

Мұзафар Әлімбаевтың есімі балалар әдебиетінде де алтын әріппен жазылған. «Балдырған» балалар журналының алғашқы редакторы. Халық жазушысы қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес. Ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушысы болды.

Шахимардан Әбілев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Жансүгіров айтады Ілияс. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе. Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді». Бүгін біз тұлғаны құрметтеп жатырмыз. Ал тұлғаны құрметтесе, біз тарихты құрметтеп жатырмыз. Тұлға тарихты жасайды дейді.

Алтынбек Нұхұлы, сенатор:

Мұз аған балалық музамызды, шабытымызды көтеретін болса, өзінің поэзиясында бірнеше бөктер-бөктер ерімейтін мұздың ортасындағы жәй ғана мұз емес, солардың арасындағы айсбергі. Ерімейді Мұз аған. Жасай берсін мұз аған. Жүз жылдығы құтты болсын.

Қазақ тарихының алтын қоры әдебиет алыптарының арқасында жазылды. Қазақтың руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға арналған әдеби кеш әр ұлын ұлықтаған ұлт үшін маңызы зор болды.

Мөлдір Сағидолла