Достық үйінде Ел анасы, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі мен «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, құрмет орденінің иегері Бақытжамал Шаханқызының 75-жас мерейтойы сән салтанатымен өтті. Жиынның куәсі болып қайтқан тілшіміз тарқатады.

 «Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Бұл қазақтың дана сөзі дәл Бақытжамал Шаханқызына арналғандай. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған жан, зейнеткерлік жасқа толса да қоғаммен бір тұтас. Қожахметова Зара Қабдешқызының салып кеткен сара жолын абыроймен жалғастырып келеді.

Айзада Құрманова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:

Құрметті Бахытжамал Шаханқызы шын жүректен абыздық белеспен құттықтаймын. Әсіресе әлеуметтік салада жан-жақты еңбегіңізді атап өткім келеді. Сол елеулі еңбегіңіз үшін шын ризашылығымды білдіргім келеді бүгін. Бахытжамал Шаханқызы жетім балалардың мәселелерін,мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін қазіргі кезде өңірімізде көтеріп жүрген, оны шешуге ат салысып жүрген азаматтардың бірі.

Өткен жылы ақ жаулықты дара жанға Алматы қаласында өткен «Аналар кеңесінің» кеңейтілген отырысында «Ел анасы» атағы салтанатты түрде берілді. Бақытжамал Шаханқызы бұл марапат облыстық аналар кеңесі мүшелерінің еңбегі екенін алға тартқан еді.

Назипа Шанаи, Республикалық Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің төрағасы:

Бүгінгі таңда біздің қоғамымызға үлгі болар ана керек. Себебі, отбасы институтын сақтау, оның ішінде аналар мектебін құру туындап отырған қоғамбыз. Сондықтан Бақытжамал Максилова сияқты аналардың атқарып жатқан істері осы бағытқа арналған. Істеп жатқан жұмысының нәтижелілігі ҚР ең алғаш рет «Ел анасы» деген атағын алды.

Камал Әлпейісова, Республикалық Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің мүшесі:

Жалпы қазақстандағы республикалық аналар кеңесінің ішінде білімді, ақылды, тәжірбиелі, мейірімді адамдар өте көп. Солардың ішінде бірегейі, жұрттың бәрі сыйлайтын Бақытжамал Шаханқызы. Бүкіл республикаға белгілі өнегесі бар адамды өсіріп отырған өңірдің мерекесі деп ойлаймын. Ертіс-Баян тұрғындарын мерекемен құттықтаймын.

Жүрген жері өнеге, көпке үлгі. Мерейтой иесін алыс, жақыннан құрметтеп келген меймандардың қарасы қалың. Әр біреуі Ел анасына алғыс тілегін жаударып, жылы лебіздерін арнады. Құшақ-құшақ гүлдер мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бақытжамал Максилова, «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Осы халқыма ризамын. Отаныма ризамын. Өзімнің қазақ қызы болып туғаныма ризамын. Қазақтың келіні болдым, қазақтың қызы болдым. Қазақтың әжесі болдым. Қазақстанда еңбегімнің сіңгеніне, осы еңбегімді бағалап жатқан еліме көп көп рахметімді айтамын.

Бақытжамал Шаханқызы ауыл аймақтағы әжелер бірлестіктерімен тығыз байланысты жұмыс жасап, игі істерді атқарып жүр. Осындай ақ жаулықты әжелеріміздің арқасында ұлтымыздың салт дәстүрі дәріптеліп, асыл мұрамыз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Мөлдір Сағидолла